Сот оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматыда бір айдан астам уақытқа созылған ашық сот процесінде бес қылмыстық құқық бұзушылық құрамы қаралды. Сот барысында куәгерлердің, айыптау және қорғау тараптарының уәждері тыңдалып, ұсынылған дәлелдер зерттелді.
Айыптау тарапының мәліметінше, Боқаев «ҚазТрансГаз» кәсіподағының «Еуропа – Қытай» автожорығын ұйымдастыруға бөлген 42 млн теңгеден астам қаражатын өзінің жиһаз бизнесіне бағыттаған.
Сонымен қатар оған Үлкен Алматы өзенінің жағалауындағы құрылыс нысанынан 12 гранит тақтаны ұрлауды және Баум тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесуді ұйымдастырды деген айып тағылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, аталған әрекеттер Алматы қаласын абаттандыру мәселелеріне қатысты бейнероликтер түсірумен байланысты болған. Бұдан бөлек, Боқаевқа жалған ақпарат тарату бойынша да айып тағылған.
Дариға Назарбаевамен байланысы
Санжар Боқаевтың саяси қызметі де көпшілікке белгілі. Ол кезінде «Нұр Отан» партиясының құрылымдарында жұмыс істеген. Дариға Назарбаева Сенат төрағасы болған кезеңде оның штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарған.
Кейінгі жылдары Боқаев әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты өткір мәлімдемелерімен және резонанс тудырған бейнероликтерімен танылды.
Сот отырыстарының бірінде ол өз қызметіне тапсырыс берген адамдар туралы мәлімет жариялайтынын айтқан. Алайда нақты есімдерді атамаған.
Бұған дейін прокуратура Санжар Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Сот оған 10 жыл жаза тағайындаса, оның жиені Мадияр Қалменов 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Санжар Боқаев өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.