Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қыздары туралы айтқан сөзі әлеуметтік желіде кеңінен тарады, деп хабарлайды ozgeris.info.
Сұхбат барысында ол бала тәрбиесі мен қыздарының болашағы жайында әзіл мен шындық аралас ой бөлісті.
"Қыздарымның құлағын әлі тескен жоқпыз, үшеуінде де сырға жоқ. Мен айтамын: қазақта "сырға салу" деген бар, сол кезде ғана құлақтарыңды тесіп, сырға тақтырамыз. Бірінші сырғаны сол жақтағылар келіп тағып берсін. Сол дәстүрдің мәні осында деп ойлаймын. Қазір оқып жүрген кезде әр нәрсені тағып жүрудің қажеті жоқ. Күйеуге шыққан соң бәріне үлгересіңдер. Ал би кештеріне баруға мүлде рұқсат жоқ. Бірақ заманауи киім киіп, ел қатарлы жүргендеріне қарсылығым жоқ", – деді ол.
Әзілкеш сонымен қатар болашақ күйеу балаларды да өзі таңдамақ ниетте екенін жеткізді.
"Үш қызымның құлағына ертең күйеуді өзім тауып беремін деп құйып жүрмін. Өйткені сол жастағы қыздар көбіне сезімге беріліп, шын адамды ажырата алмай жатады. Әлеуметтік желіде отырып алып жігіт іздемесін деймін. "Папам өзі таңдайды" деп жүр. Қыздарым да "сіз таңдаған жігітке күйеуге шығамыз" дейді", – деді Қабатов күліп.