Продюсер Мөлдір Мұқан қызы Айымды 18 жасқа толуымен құттықтап, ерекше тілек айтты. Алайда туған күнде айтылған бір ауыз сөзі әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсті.
Жақында Мөлдір Мұқанның қызы Айым 18 жасқа толған. Бойжеткенді анасы мен бауырлары туған күнімен құттықтап, ақ тілектерін арнаған. Желіде тараған бейнежазбада Мөлдір Мұқан қызын еркелетіп, оның болашағына қатысты тілегін жеткізеді.
Алайда құттықтау барысында айтылған бір сөйлем көпшіліктің назарын аударған.
"Айым болып тудың ба? Күнім болып тудың ба? Әке жолын қума! Бақытты бол, қызым", – дейді ол.
Продюсердің қызына айтқан тілегі желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды. Кейбір оқырмандар оның сөзін орынсыз деп есептеп, баланың көзінше әкесі туралы мұндай пікір айтудың қажеті жоқ екенін жазған.
Тағы да оқыңыз: "Мен ондай кісіні танымаймын": Мөлдір Мұқан экс-күйеуі Тұрсынбек Қабатовтың сынына жауап берді.
Мөлдір Мұқан кім?
Мөлдір Мұқан – қазақстандық продюсер, әнші, актриса әрі кәсіпкер. Ол көпшілікке танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы ретінде де белгілі.
Өнерге бала кезінен жақын болған Мөлдір Мұқан бауырларымен бірге "Мұқановтар" отбасылық ансамблінде өнер көрсеткен. Кейін шығармашылық жобаларды ұйымдастырып, продюсерлік қызметпен айналысты. Сондай-ақ балаларға арналған "ММ" өнер мектебін ашқан.

Ол әнші әрі домбырашы Ақтоты Болышевамен жұмыс істеген. Кейін өзі де әншілікке бет бұрып, "Өтірік", "Өмір сүр, қалма елден" атты әндерін жарыққа шығарды. 2025 жылы "Шәй в большом городе" фильмінің продюсері ретінде кино саласында да еңбек етті.
Мөлдір Мұқан мен Тұрсынбек Қабатовтың ортақ бес баласы бар. 2025 жылы продюсер жұбайымен ресми түрде ажырасқанын көпшілікке мәлімдеді.

Қазір Мөлдір Мұқан жеке шығармашылығын дамытып, әлеуметтік желіде өнері, отбасылық өмірі және бала тәрбиесі туралы жазбалар жариялап жүр.