Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасы төмендеген. Қазан айында жаңа көліктердің құны орта есеппен 14 пайызға, ал елімізде өндірілетін автомобильдер 17 пайыздан астам арзандаған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай өзгеріс Ұлттық статистика бюросының деректерінде көрсетілген.
«Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, қазан айында жаңа автокөліктердің бағасы 14 пайызға төмендеген. Соның ішінде Қазақстанда өндірілетін көліктердің бағасы 17 пайыздан астам азайды», – деді Олжас Сапарбеков.
Айта кетейік, бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанда жыл соңында көлік бағасы арзандайтынын айтқан еді.