Министрдің айтуынша, жаңа жүйені енгізуге қажетті тетіктерді жетілдіру жұмыстары 2026 жылғы қараша айының соңына дейін аяқталады.
Ал желтоқсан айында Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің жүйелерімен біріктіру жоспарланған. Сонымен қатар халыққа реформаның мақсаты мен оны іске асыру тәртібі түсіндіріледі.
«Мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асыру ұсынылып отыр. Табысы жоғары азаматтар бойынша жұмыс қаңтар-ақпан айларында, ал ауқатты азаматтар бойынша ақпан-сәуір айларында жүргізіледі», – деді Асқарбек Ертаев.
Осылайша, жаңа тәртіпті алдымен табысы жоғары және ауқатты азаматтар арасында сынақтан өткізу көзделген.
Министрдің сөзінше, өзгерістер бастапқыда пилоттық режимде жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша жаңа тәсілдің тиімділігі бағаланып, әрі қарай енгізу тәртібі айқындалады.