Келер жылы Қазақстан нарығына екі жаңа спутниктік интернет операторы – Amazon LEO және Shanghai Spacecom Satellite Technology шығуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда төрт спутниктік оператордың барлығы жерүсті станцияларын орналастыратын алғашқы мемлекет болмақ. Бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, Amazon LEO, Shanghai Spacecom Satellite Technology, OneWeb және Starlink компанияларының жерүсті инфрақұрылымы Қазақстанда орналасады. Ал OneWeb пен Starlink операторларына биыл 1 қазанда лицензия берілген.
Сонымен қатар Қазақстанда Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Оның көмегімен спутникті смартфонға тікелей қосу арқылы хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға болады.
Қазіргі уақытта бұл технология Android операциялық жүйесіндегі смартфондарда қолжетімді. Ал iOS құрылғыларына арналған нұсқасы әзірленіп жатыр.