Қазақстанда әскери билеттерді беру, азаматтарды әскери есепке қою және әскерге шақыруды кейінге қалдыру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа Қорғаныс министрі қол қойды. Жаңа талаптар 14 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің 2026 жылғы 21 қазандағы №1232 бұйрығы Әділет министрлігінде 30 қазанда тіркелген. Құжат әскери есепке алу мен әскери қызметке қатысты бірнеше мемлекеттік қызметті қамтиды.
Әскери билет кімдерге беріледі?
Жаңа ережеге сәйкес, бейбіт уақытта әскери билетті мына азаматтар ала алады:
әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылғандар;
әскери және арнаулы оқу орындарына түскендер;
ақылы негізде әскери-техникалық дайындықтан өткендер;
запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламасын толық аяқтағандар.
Ал әскери қызметтен өтпеген және тиісті әскери дайындықтан өтпеген азаматтарға әскери билет бейбіт уақытта берілмейді. Олар құжатты тек мобилизация, әскери жағдай немесе соғыс уақытында ала алады.
Жеке деректер өзгерсе не істеу керек?
Азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, туған күні немесе туған жері өзгерген жағдайда, бұл мәліметтер Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесіне енгізіледі.
Осыдан кейін азаматқа әскери билеттегі деректерді жаңарту қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Хабарлама телефон нөміріне немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке келеді.
Азамат өтініш білдіргеннен кейін жергілікті әскери басқару органдары бір сағат ішінде тиісті өзгерістер енгізуге тиіс.
Әскери билетті қалай алуға болады?
Әскери билет немесе оның телнұсқасын алу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы беруге болады.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Құжатты дайындау мерзімі – бес жұмыс күні. Дайын әскери билетті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алуға болады.
Егер құжаттарда қате немесе кемшілік анықталса, өтініш берушіге оларды түзету үшін үш жұмыс күні беріледі.
Ал әскери билет жоғалған немесе бүлінген жағдайда қосымша құжаттар талап етіледі. Егер құжат азаматтың кінәсінен жоғалса немесе қасақана бүлінсе, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы ұсынылуы керек.
Тағы қандай өзгерістер бар?
Жаңа тәртіп бойынша әскери есепке тұруға өтінішті де eGov.kz арқылы беруге болады. Құжаттардан қате табылса, оны түзетуге екі жұмыс күні беріледі.
Сонымен қатар әскери қызмет өткергені туралы мәліметтерді жаңарту тәртібі нақтыланды. Егер жергілікті әскери басқару органдарында қажетті ақпарат болмаса, мемлекеттік органдарға, ұйымдар мен архивтерге, қажет болған жағдайда шетелдік мекемелерге де сұрау жіберіледі. Мұндай жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.
Әскери-техникалық дайындықтан өту кезегіне тұру тәртібі де өзгерді. Ол үшін eGov.kz арқылы өтініш беріп, медициналық куәландыру картасының электрондық көшірмесін тіркеу қажет. Медициналық қорытынды берілгеннен кейін бұл құжат 10 жұмыс күні жарамды болады.
Жүйе өтініш берушінің жасына да назар аударады. Әскери-техникалық дайындықтан өтуге 24 жастан асқан азаматтар өтініш бере алады.
Бұдан бөлек, әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату туралы өтініштерді қарау тәртібі де нақтыланды.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
Қорғаныс министрінің бұйрығы алғашқы ресми жарияланған күннен кейінгі он күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 14 қарашада қолданысқа енгізіледі.