Жаңа жылдан бастап әлеуметтік қолдаудың бірқатар түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Енді кейбір төлемдерге өтініш берушінің белгіленген талаптарға сәйкестігімен қатар, оның отбасының материалдық жағдайы да ескеріледі екен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, жаңа тәсілдің негізгі мақсаты мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаж отбасыларға бағыттау болып отыр. Осыған байланысты отбасының әл-ауқат деңгейі бағаланады. Әл-ауқаты жоғары "А" және "Б" санатындағы отбасыларға әлеуметтік қолдаудың жекелеген шаралары ұсынылмайды.
Бұл ретте әлеуметтік көмектің барлық түрі жойылмайды. Өзгеріс тек әлеуметтік қолдаудың белгілі бір шараларын тағайындау механизміне қатысты болмақ. Сондықтан да бұл өзгерісті "2027 жылдан бастап 14 жәрдемақы тоқтайды" деп түсіндіру дұрыс емес. Ресми құжаттарда жекелеген әлеуметтік қолдау шараларын отбасының әл-ауқатына қарай саралау көзделген.
Жалпы, отбасының әлеуметтік жағдайын анықтауда Цифрлық отбасы картасы пайдаланылады. Жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған деректерді біріктіріп, отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалайды. Оның ішінде табыс, еңбек қызметі, тұрғын үй, мүлік, әлеуметтік төлемдер, денсаулық және білім туралы мәліметтер ескеріледі.
Ал өзгеріс енгізудегі маңыздысы - бағалау кезінде отбасының барлық кәмелетке толған мүшелері туралы ақпарат қаралады. Яғни, әлеуметтік қолдауға құқықты анықтау кезінде тек жәрдемақы алушының жеке табысы емес, үй шаруашылығының жалпы жағдайы назарға алынуы мүмкін.
Айтпақшы, цифрлық отбасы картасы қазірдің өзінде шамамен 20 млн азаматты және 6,2 млн-нан астам отбасын қамтиды. Жүйе мемлекеттік органдардың шамамен 30 ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.
Бұл тәсілдің мәні әлеуметтік көмекті жаппай емес, отбасының нақты қажеттілігіне қарай бөлу екені түсінікті. Бұған дейін де мемлекет әлеуметтік қолдауды цифрландыру және оны нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау бағытын ұстанып келген.
Сондықтан 2027 жылғы өзгерістің басты жаңалығы жекелеген әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде отбасының материалдық жағдайын жүйелі түрде есепке алу. Ал нақты қай төлемдерге бұл талап қолданылатыны және қандай жағдайда отбасы тиісті санатқа жатқызылатыны нормативтік тәртіппен айқындалады.
Айтпақшы, әлеуметтік көмек тағайындауға қатысты жұмыстарды бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сынаған болатын. Біз бұл туралы да жазғанбыз.