Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханалардың учаскелік қызметінде жұмыс істейтін медицина мамандарының жалақысына қосымша ақы қосылады. Сондай-ақ психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің де еңбекақысы артады. деп хабарлайды kznews.kz Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйеніп.
Дәрігерлерге еңбек өтіліне қарай қосымша ақы төленеді
Министрлік әзірлеген бұйрық жобасына сәйкес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында үздіксіз жұмыс істеген мамандарға еңбек өтіліне қарай қосымша ақы қарастырылған.
Атап айтқанда, екі жылдан астам жұмыс істегендерге лауазымдық жалақысының 20 пайызы, үш жылдан асқандарға 30 пайызы, ал бес жылдан көп еңбек өтілі барларға 50 пайызы көлемінде үстемеақы төленеді.
Денсаулық сақтау министрлігі Экономика және қаржы департаментінің еңбекақы төлеу әдіснамасы және жергілікті бюджеттермен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Ақмарал Шүйнішева учаскелік қызметте қазір шамамен 77 мың медицина қызметкері жұмыс істейтінін айтқан.
Олардың қатарында учаскелік терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, медбикелер, фельдшерлер мен акушерлер бар.
Министрлік дерегінше, 13 мыңнан астам дәрігер қосымша ақы алады. Оның ішінде 800-ге жуық маманға 20 пайыз, шамамен 2 мың дәрігерге 30 пайыз, ал 11 мыңға жуық дәрігерге 50 пайыз үстемеақы қарастырылған.
Мәселен, қалалық емханада біліктілік санаты жоқ дәрігердің лауазымдық жалақысы 255 мың теңге болса, оған 51 мың теңге қосымша төленеді.
Ал еңбек өтілі жоғары жалпы практика дәрігерінің айлық табысы қазіргі 425 мың теңгеден 607 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Ауылдағы учаскелік дәрігердің табысы да артады. 25 жылдан астам еңбек өтілі бар маман қазір 534 мың теңге алса, жаңа үстемеақымен бірге жалақысы 760 мың теңгеге жетуі ықтимал.
Орта буын медицина қызметкерлерінің шамамен 61 мыңы да осындай тәртіппен қосымша ақы алады.
Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер қанша алады?
Жаңа өзгеріс емханаларда жұмыс істейтін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге де қатысты. Оларға психоэмоциялық және физикалық жүктемені ескеретін қосымша ақы төлеу жоспарланып отыр.
Психологтарға базалық лауазымдық айлықақының 300 пайызы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде үстемеақы беріледі.
Базалық лауазымдық айлықақы – 17 697 теңге. Осы есеппен психологтарға 53 091 теңге, әлеуметтік қызметкерлерге 35 394 теңге қосымша төленеді.
Министрлік өкілінің түсіндіруінше, учаскелік қызметте еңбек өтілі аз психолог қазір 141 мың теңге алса, жаңа үстемеақыдан кейін оның жалақысы 194 809 теңгеге дейін өседі. Ал ең жоғары табысы шамамен 222 мың теңгеге жетуі мүмкін.
Мұндай қосымша ақыны емханаларда жұмыс істейтін 2 мыңға жуық психолог алады. Төлем еңбек өтіліне байланысты болмайды.
Ал әлеуметтік қызметкердің қазіргі 132 мың теңге жалақысы үстемеақымен бірге 168 мың теңгеге дейін өседі. Ең жоғары жалақысы 180 616 теңге болуы мүмкін.
Министрлік мәліметінше, жаңа төлемдер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.