АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Киев пен Мәскеуге жасаған кезекті сапары Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу болмағанын көрсетті, деп жазады Financial Times.
Бұл жолғы сапар Уиткофф пен Кушнер үшін Мәскеуге бесінші рет барғанымен және Киевті соғыс басталғалы бері алғаш рет көрумен аяқталды. Мәскеудегі келіссөздер туралы бұған дейін жазғанбыз.
Ал Украина астанасында олар президент Владимир Зеленскиймен, оның әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдерімен, сондай-ақ Ұлыбритания, Франция және Германияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездесті.
Financial Times басылымы дереккөздерінің айтуынша, келіссөздер барысында соғыстың алдағы қысқа мерзімде аяқталуы екіталай деген тұжырым жасалған. АҚШ өкілдері жаңа ұсыныстардан гөрі бұған дейін талқыланған бейбіт келісім жобаларын қайта қарауға және Мәскеу мен Киев ұстанымдарының арасындағы алшақтықты азайтуға тырысқан.
Бұған Мәскеуде Уиткофф пен Кушнер Владимир Путинмен үш сағаттан астам уақыт келіссөз жүргізді. Ресей тарапының ұстанымы өзгермеген. Путин Донбасты толық бақылауға алуды және соғысты Мәскеу талап ететін шарттар негізінде аяқтауды көздейді.
Тоқетерін айтқанда, Вашингтонның кезекті дипломатиялық миссиясы келіссөз арнасын сақтауға мүмкіндік бергенімен, соғысты тоқтататын нақты компромиске жақындата алған жоқ. Негізгі мәселе бұрынғыдан да шиеленісіп кеткенге ұқсайды. Яғни, Ресейдің аумақтық талаптары және Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға деген талабы арасындағы алшақтық сол күйінде қалып отыр.