Әлеуметтік желі арқылы танылған Алма Мырзабекова парақшасында жаңа жазба жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Кейде парақшама кіріп, ішіндегі негативін төгіп кететін жандарды байқаймын. Ауыр сөз, негізсіз сын, ғайбат… Бірақ сіздер сол сөзді кімге жазып отырсыздар? Тек маған ба?
Жоқ.
Сіз маған сөз айттым деп ойлайсыз. Бірақ шын мәнінде менің тегіме тас атып отырсыз. Ал мұндайды ата-баба рухы ешқашан жауапсыз қалдырмайды. Менің тегім сіздің тегіңізден жауап талап етеді. Экранның ар жағында отырып жазылған бір ауыз лас сөз үшін сіздің ата-бабаңыздың рухы менің тегімнің алдында жауап беруге мәжбүр болады. Қазақта "адам – ата-тегінің жалғасы" деген терең ұғым бар. Маған тіл тигізу – менің артымдағы бүкіл тегіме, аруағыма тию деген сөз. Ал көзге көрінбейтін нәзік әлемде мұның арты неге апаратынын білесіз бе?
Мен сіздің ауыр сөзіңізді оқып, пенде ретінде жымиып, жай ғана кешіре салуым мүмкін. Ішімде реніш те қалмайды. Өйткені мен өз кеңістігім мен энергиямды таза ұстауға тырысамын. Бірақ ең қорқыныштысы бұл емес… Мен кешіргенмен, менің артымда тұрған ата-бабам кешірмеуі мүмкін. Сол кезде аталар мен тектер арасында үлкен энергетикалық есептесу басталады. Энергия заңы өте қатал әрі әділ. Жүйеде ешнәрсе із-түзсіз жоғалмайды. Біреуді не үшін жазғырсаңыз, ертең дәл сол жағдайды өз өміріңізге немесе ұрпағыңыздың тағдырына шақырып алуыңыз мүмкін.
Ғайбат пен орынсыз сын менің жолымды кеспейді.Ол – сіздің өз болашағыңызға қойған бөгетіңіз. Мен өз жолымдамын. Менің кеңістігім – тазарудың, трансформацияның және жарық энергиясының орны. Сондықтан саусақпен ауыр сөз жазбас бұрын бір сәт тоқтап ойланыңыз. Бұл сөз сіздің тегіңізге лайық па? Аталарыңызды менің тегімнің алдында ұятқа қалдыруға дайынсыз ба? Таңдау әрқашан өзіңізде", – деп жазды Алма Мырзабекова.