Қызметкерлеріне пәтер сыйлаған Алагөзов бір жылда ондаған миллион долларға байыған
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«FOMO – өзгенің жетістігі арқылы өзіңе қысым жасау» – психолог Гүлнұр КҮДЕРОВА

«FOMO – өзгенің жетістігі арқылы өзіңе қысым жасау» – психолог Гүлнұр КҮДЕРОВА
Фото: Жанерке Доскелді

Әлеуметтік желіде ата-анасына көлік сыйлап, мерейтойымен құттықтап жатқан контент жиі кездеседі. Оны көрген жасөспірімдер арасында «Басқалар осындай биікке жетіп жатыр, ал мен кеш қалған жоқпын ба?», «Мұндай дәрежеге қалай, қашан жетер екем, қолымнан келер емес» деп қынжылатыны рас. Бұл – біз мән бермей жүрген эмоционалды қысым. Психологтар мұны өзін жете бағаламаудан көрініс табатын FOMO құбылысы деп атайды.

Kznews.kz. сайтының оқырмандарына арнап Мақсұт Нәрікбаев университеті Жоғары гуманитарлық мектебінің аға оқытушысы, психолог Гүлнұр Күдеровамен FOMO құбылысы туралы сұхбаттастық.

– Гүлнұр Телмұхаметқызы, жасөспірімдер арасындағы FOMO құбылысын қалай түсіндіресіз?  Бұл туралы кейінгі кезде ғана жиі айтыла бастауының сыры не?

– FOMO ағылшын тілінде нақтыласам, «Fear of missing out» дегенді білдіреді. Адамның бір маңызды оқиғадан, жаңалықтан құр қалып кеткені, өткізіп алғаны жайында сезіміне түсінік береді. «Көштен қалып қойдым» деген үрей пайда болған жайтты сипаттайды. Бұл мазасыздыққа алып келеді.

Жасөспірімдер – өте сезімтал. Үлкен өмірге енді ғана араласа бастаған шақта FOMO эффектісінің кездесуі қалыпты жағдай. Себебі XXI ғасырда жасөспірімдерді алаңдататын сан алуан мәселе бар. Мысалы, «success story», яғни басқалардың жеткен жетістігі. Аталған жайт қолымыздағы телефон мен ондағы  контенттен туындайды. Бұл  құбылыстың өршуіне әлеуметтік желі пропагандасы әсер етеді десек болады. Біз әлеуметтік желідегі фильтрленген өмірді, әсіресе Instagram-дағы блогерлер өмірінің жарқын сәттерін ғана көреміз. Зерттеулер дәл осындай контент FOMO-ның әсерін күшейтіп отырғанын көрсетті.  

– Сонда жасөспірімдер  басқалардың әлеуметтік желідегі жетістігін үлгі ретінде қабылдай ма?  

– Олар мұны қалыпты жағдай ретінде түсінеді. Себебі сыни даму толық қалыптаспаған. Олар ситуацияға салмақты қарай алмауы мүмкін. Гаджеттегі контент көрсеткен бағытпен – біржақты оймен қарайды. Себебі оларға   әлеуметтік желідегі блогерлер немесе өздері жақсы көретін тұлғалар контенті ықпал етеді.

Жасөспірім кезеңі – адамның өзін түсінетін, тұлға ретінде қалыптасатын кезі. Адам бойында биологиялық тұрғыда көптеген өзгеріс болып жатқан кезде оның санасы қысымға ұшырайды. Сондықтан мұны назарда ұстау қиын. Өйткені олар өзін басқалармен жиі салыстырады, әлеуметтік желідегі пікірді жақын қабылдайды. Бұл кезеңде жасөспірім өмірінде ата-ананың рөлі маңызды екенін ескерткім келеді.

– Жасөспірімнің психологиялық әл-ауқатын сақтау үшін ата-ана қандай қолдау көрсеткені дұрыс?

– Ата-аналарға берер кеңесім – салыстырудан аулақ болу. Өз балаңызды ешкімнен кем көрмеңіз және ешкімнің баласымен салыстырмаңыз. Біздің бір кемшілігіміз – баланы ынталандыру үшін «жұрттың баласы» тіркесін қолданамыз. Бұл түбегейлі қате қадам. Әр ата-ана баласына мүмкіндік беріп, оны қолдауы қажет.

FOMO – өзін төмен бағалауға тікелей әсер етіп тұрған құбылыс. Бұл екі жағдай да депрессияға алып келеді. Өзін өзгелерден кем санай берген бала  психоэмоционалды күйзеліске түседі. Салдарынан ұйқысы бұзылып, мазасы қашады.

– Сонда FOMO тек зиян келтіретін құбылыс болғаны ма?

– Жоқ, әрине, FOMO эффектісін дұрыс бағытта да қолдануға болады. Осы туындаған ойды дамуға жетелейтін тетік және мотивация ретінде пайдалануға болады. Мысалы «Ол ағылшын тілін үйреніп жатыр, ал мен қалыс қалдым» деп стреске ұшырамай, «Менің де үйренуге мүмкіндігім бар, қолымнан келеді» деп өзін қолға алуы қажет.   

Сонымен қатар адам өзіне «Мен осы жолды қызығушылығым оянып таңдап тұрмын ба, бұл таңдауым басқалардың жетістігіне еліктеуден туындаған жоқ па?» деген сұрақты қоя алуы маңызды.

Жасөспірімдер болсын, басқаларымыз болсын, өз-өзімізге шынайы сұрақ қоя білуіміз қажет. «Желіде көргенім шындыққа жанаса ма?», «Бұл менің жолым ба, әлде мен басқаға еліктеп отырмын ма?» және «Мен нені қалаймын?» деген сұрақ қойып, анализ жасау маңызды.

Сондай-ақ өзіңізге алғыс айту практикасын қолданған жөн. Әр адамның шамасы әртүрлі. Барыңызды салып жатқаныңыз үшін алғыс айту да маңызды. «Detox days» деген термин бар, бұл әлеуметтік желіден алшақтау дегенді білдіреді. Гаджетте үйір болуды, әлеуметтік желіге жиі телміруді азайтқан жөн. 

Жанерке ДОСКЕЛДІ

Автор
KZNEWS

Қазақстан және әлем жаңалықтары