KZNews.kz
Мәдениет

Дәретхана қағазының сапасына дейін көрініп тұр: Мұхамеджан Тазабек Жапонияға тамсанып қайтты

Азамат Қойшығара

Белгілі айтыс ақыны, психолог Мұхамеджан Тазабек Жапонияға жасаған сапары жайлы әлеуметтік желіде кеңірек ой бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, Токиодағы таңғы тыныс, қаланың мәдениеті мен тұрмыс сапасы ерекше әсер қалдырған.

Тазабек таңғы алтыда тұрып, намаздан кейін шай ішіп, Токионың көркем көрінісін тамашалап жолға шыққанын жазады. Ол сапардан бөлек, көргенді көңілге түю үшін де уақыт керегін атап өтті. Жапон қоғамының өзіндік болмысы, мәдениеті мен мінез-құлқындағы ерекшеліктердің көп екеніне тоқталды.

Оның сөзінше, Жапония – әлемдегі төртінші экономика, елдің жағдайы тұрмыстық ең ұсақ детальдерден-ақ байқалады: дастархандағы тіс шұқығыштан бастап, қоғамдық орындардағы қағаз сапасына дейін. Алайда байлық барлық елде болғанымен, жапон қоғамындағы тазалық, ізет, байсалдылық пен жылы қарым-қатынас секілді қасиеттер кез келген жерде кездесе бермейтінін жеткізді.

Тазабек жапон халқы өзін әлемнен оқшау ел ретінде сезінетінін, бірақ соған қарамастан «әр жапон – менің жалғызым» деген көзқарастың өмірдің көптеген тұстарынан көрінетінін атап өтеді. Оның пікірінше, бұл олардың ұлттық мәдениеті мен адам сапасына деген ерекше көзқарастан шыққан түсінік.

Ол жапон қоғамындағы тәртіптің артында еңбекқорлық жатқанын, оның ар жағында отбасылық және ұлттық тәрбие көрінетінін, одан әрі тереңде тарихи сана мен өзін сыйлау мәдениеті тұрғанын жазды. Мұның бәрінің негізінде — күнделікті әдеп, тұрақты әдет пен қалыптасқан мінез тұрғанын айтты. Қазақтың «әдет мінезге, мінез тағдырға айналады» деген түйіні осындай тұстарда нақты көрінетінін мысал етті.

Жазбасының соңында Тазабек көрген-білгенді көңілге тоқу маңызды екенін, ал «көргенсіз» атанбау — әр адамның өз қолындағы қасиет екенін айтты.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары