Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Гүлдер» ансамблінің «Шебер жаңғырығы» атты концерті өтті.
Өнер кеші қазақ эстрадалық биінің негізін қалаушылардың бірі, ансамбльдің тұңғыш балетмейстері Деляфруз Қияқованың туғанына 100 жыл толуына және ұжымның алғашқы бишілерінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынбүбі Омарбекованың 75 жас мерейтойына арналды, деп хабарлайды kznews.kz.
Концерт басталар алдында көрермендер «Қазақконцерт» ғимаратының фойесінде ұйымдастырылған арнайы фотокөрмені тамашалады. Экспозицияда «Гүлдер» ансамблінің тарихы мен мерейтой иелерінің шығармашылық жолынан сыр шертетін суреттер ұсынылды. Көрмені ансамбльдің бас балетмейстері Анвара Садықова ұйымдастырды.

Қазақ би өнерінің көрнекті тұлғаларына арналған кеш Деляфруз Қияқова сахналаған «Бипыл» биімен ашылды. Қазақ және шығыс халықтарының 50-ден астам биін сахнаға шығарған балетмейстердің шығармашылық жолы арнайы бейнебаян арқылы таныстырылды.
Ансамбльдің жаңарған құрамы ұлттық хореографияның алтын қорына енген «Қуаныш» және «Қазақ кәдесыйлары» билерін қайта жаңғыртып, көрермен назарына ұсынды.
Кештің құрметті қонағы, 75 жас мерейтойын атап өткен Алтынбүбі Омарбековаға «Қазақконцерт» ұйымы атынан ерекше құрмет көрсетілді. Оның өмірі мен өнер жолына арналған бейнебаян және «Тақиялы періште» фильмінен үзінді көрсетілді.
Концерт бағдарламасында ұлттық би мұрасы заманауи сахналық қойылымдармен үйлесім тапты. Атап айтқанда, көрермендерге алғаш рет «Қарлығаш» биі ұсынылды. Бұл туындыны композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай ансамбльдің бас балетмейстері Анвара Садықова сахналаған.

Сонымен қатар «Малайзия биі», «Саиди» және «Қорқыт» қойылымдары орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Өнер кешінде «Гүлдер» ансамблінің балет әртістері мен G-band тобы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмәдиев пен Іңкәр Айдарханқызы, «Құрмет» орденінің иегері Дидар Абдухалық өнер көрсетті.
Сондай-ақ халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақбөпе Алибекова, Ербол Тәжібаев, Меруерт Желдібаева және Нұрмұхамед Сатен сахнаға шықты.
Осылайша, «Шебер жаңғырығы» концерті қазақ би өнерінің бай мұрасын дәріптеп қана қоймай, аға буын шеберлерінің шығармашылығын бүгінгі ұрпақпен сабақтастырған тағылымды кешке айналды.