Алматыда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұртас Тұрғанбектің «Кездесіп қалайық» атты акустикалық поэзия кеші өтті.
Ақын сахнада өз жырларын оқыды, ал кешке келген әншілер оның сөзіне жазылған танымал әндерді орындады. Көрермен «Дәруменім» мен «Бір ойлап алам» әндерінің жазылу тарихын да тыңдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Кештің негізгі арқауы Нұртас Тұрғанбектің поэзиясы болды. Ақын «Ауылға барып қайттым, аға» және «Ауылдың баласы едім, аңғал едім» өлеңдерін оқыды. Туған жерге деген сағыныш пен балалық шақтың естелігі осы жырларға арқау болған.
Кеште «Тұңғыш балам», «Жүрегің сенің құстай жылады», «Күрсіндің бе?», «Қоштасу жайлы ойлама» және «Менің қазір айғайлап тұрып ән айтқым келді» өлеңдері де оқылды. Бір жырда әкелік сезім көрініс тапса, енді бірінде көңіл күй мен қоштасу жайлы толғаныс айтылады. Ақынның өз оқуында тыңдалған осы туындылар кештің поэзияға арналған бөлігін құрады.

Кештің қонақтары Абзал Утешов, Нұрым Қуаныш, Асылжан Абдулла және Иса Әлимұса Нұртас Тұрғанбектің сөзіне жазылған әндерді орындады. Жас әншілер Аманжол Ержан мен Қаршыға Әбдіқадыр да сахнаға шығып, тыңдарманға «Тоқта» мен «Мама» әндерін ұсынды.
Абзал Утешовтің орындауындағы «Дәруменім» мен «Бір ойлап алам» әндеріне қатысты әңгіме кештің бір бөлігіне айналды. Сахнада осы туындылардың жазылу тарихы, ән мәтініне арқау болған ой мен сезім сөз болды. Өлең мен ән арасында ақынның шығармашылық жолы, өнер адамдарының арасындағы қызықты оқиғалар да әңгімеленді.
Акустикалық форматта әннің мәтіні мен өлеңнің оқылуына басымдық берілді. Әндер мен жырлардың арасында өрбіген әңгімелер көрерменге ақынның шығармашылығын жақыннан тануға мүмкіндік берді. Жұрт бір сәт ауыл мен балалық шақ туралы жыр тыңдаса, келесі сәтте өзі білетін әннің қалай туғанына құлақ түрді.

Нұртас Тұрғанбектің айтуынша, көрермен сұранысына қарай «Кездесіп қалайық» поэзия кешін Қазақстанның өзге қалаларында да өткізу жоспарланып отыр. Ақын осындай кездесулер арқылы оқырманға өлеңдерін өз аузынан тыңдатып, әнге айналған туындыларының тарихымен бөліспек.