Израильдік актер әрі музыкант Владимир Фридман Алматы мен Астанада «Про ту и эту жизнь…» атты авторлық бағдарламасын ұсынды.
Ол көрермендерге Израильге қоныс аударғаннан кейінгі өмірі туралы әңгімелеп, естеліктерін музыкамен және әзілмен өрбітті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қос шаһарда өткен әр кешке шамамен 150 көрермен қатысты. Олардың арасында өнер мен білім саласының өкілдері, журналистер және дипломаттар болды.

Фридман сахнада жаңа елге бейімделу, туған үйге деген сағыныш және өмір жолын өзгерткен шешімдер туралы сөз қозғады. Актердің айтуынша, бағдарламаға оның тағдырына әсер еткен адамдар мен оқиғалар арқау болған. Ол көрермендердің осы әңгімелерден өз өміріне жақын тұстарды табатынына үміт білдірді.
Сапар аясында Фридман Алматыдағы «Тұран» университетінің студенттерімен де кездесті. Ол театр мен кинодағы тәжірибесін бөлісіп, әртүрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысында шығармашылықпен айналысу туралы әңгімеледі.
Владимир Фридман театр мен кинода отыз жылдан астам еңбек етіп келеді. Ол Натали Портман түсірген «Махаббат пен қараңғылық туралы хикая» фильмінде де рөл сомдаған.

Кештерді Израильдің Қазақстандағы елшілігі Израильдің Өңірлік ынтымақтастық министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды. Израильдің Қазақстандағы елшісі Йоав Быстрицкий мәдени кездесулер екі елдің халқын жақындастырып, жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан көрермендерінің Израиль өнерімен сол елдің өнер иелері арқылы тікелей танысуы маңызды.
Фридманның сапары елшіліктің мәдени бағдарламасын жалғастырды. Бұған дейін осы бағдарлама аясында Астана мен Алматыда әке мен аутизмі бар ұлының қарым-қатынасы туралы израильдік «Here We Are» фильмі көрсетілген.


