***

– Сіз «қаңғып келген шүрегей» деп Колбинді мегзеп отырсыз ғой! Ендеше, сіз қатты қателесесіз! Колбин жолдас қаңғып келген жоқ бізге, ол – партияның шақыруымен келген басшы! – деп ақыл айта бастайды.
Онсыз да жүйкесі жұқарып, күйініп жүрген ақын:
– Басеке, «шүрегей» тақымыңызға тар келсе, «күркетауық» деп өзгерте саларсыз! – депті де, бөлмеден шығып жүре беріпті.
***
Майдангер жазушы Әзілхан Нұршайықов (1922-2011) Жамбыл облысының Сарысу ауданында оқырмандармен кездесу өткізеді. Ауыл мектебінің әдебиет пәнінің мұғалімі Әзекеңнің шығармашылығы туралы баяндама жасайды. Мұғалім ұзағынан сөйлеп келіп:
– Сіздің «Махаббат қызық мол жылдар» романыңыз ел-жұртыңыздың жүрегіне жол тапқан ұлы шығарма! – деп сөзін ұрандай қорытады. – Мұндай роман жазған жазушы өлсе де арманы жоқ!
Сонда Әзілхан орнынан баяу тұрып:
– Ғафу етерсің, інім! – депті иіліп тағзым етіп. – Мен «Аңыз бен ақиқат» деген тағы бір дүние жазып жатыр едім. Сол роман аяқталған соң, сіздің мына ұсынысыңыз жайында ойланайын!
***

Сейіт Асқарұлы – есімі Қазақстан ғана емес, шетелдерге жақсы таныс, ғылыми ортада абыройы асқақ, беделі биік ғалымның бірі. Академиктің шәкірттеріне де талабы қатаң, талғампаз, дегдар кісі.
Бірде Сейіт Асқарұлының сол жақ көзіне суық тиіп, домбығып ісіп, бірер күнге мүлдем жұмылып қалыпты. Дәл сол күндердің бірінде оған шәкірті Сауытбек жолығып қалса керек.
– Апырмай, Секе, ауырып қалған екенсіз ғой? – дейді Сауытбек ұстазына шын көңілін білдіріп.
Секең де басын изеп, «осылай да осылай болды» деп ақталғандай, ауру көзін қайта-қайта бет орамалымен баса береді.
Сонда Сауытбек:
– Секе, жалпы осы дұрыс болған секілді… енді менің жазған жұмысыма оң көзбен қарайтын болдыңыз! – деп күліп жіберген екен.
***

Қытай жақта – Қуа Гөпөн,
Біздің елде мына Көпен.
Екі залым бір заманда
Қалай ғана туады екен?!
***

Осы Баянғали бірде қаламгерлер ортасында отырғанда мынадай әңгіме айтып еді.
Ертеректе қырғыздың атақты «манасшысы» Саяқбай Қаралаевты арнайы Мәскеуге шақыртады. Жыршыны қызықтап театрға көп халық жиналады, Саяқбай ақсақалды құрметпен сахнаға шығарады. Содан Саяқбай миллион жолдық «Манасты» жырлап ала жөнеледі ғой. Жырлап отырып, біраздан соң шабытына кіреді де, көзін тарс жұмып, өзге дүниені ұмытып, Манас батырдың заманына шым батып кете барады.
Бір кезде Саяқбайды бүйірінен біреу түртеді. Көзін ашса – залда тірі жан жоқ, бәрі кетіп қалыпты. Бүйірінен түрткілеп тұрған вахтер шал екен:
– Ей, Манас! Уже три часа ночи, все давно домой ушли. Как закончишь, сам закроешь? – деп театр есігінің кілтін ұсынып тұр дейді.
***

– Қазір біздің бір аяғымыз социализмде, бір аяғымыз коммунизмде тұр! – деп кеңестік қоғам жағдайын өзінше бейнелеген болады.
Сонда Қонысбай қолын көтеріп:
– Ағай, айтыңызшы, осы сөзді мен былтыр да естіп едім… қашанғы өстіп талтайып тұра береміз? – деп сұрапты.
***
Қазақтың ауыздарымен құс тістеген қос шешені, мықты айтыскер ақындары – Қонысбай Әбілов пен Абаш Кәкенов бір-бірімен «жезде-балдыз» деп, қалжыңдасып ойнай береді екен. Бірде «жездесіне» ризашылығын білдірген Абаш ақын «Сендей асыл жездеме тағы бір сұлу апамды беруге әзірмін» дегендей әзіл тастапты.
Сонда Қонысбай:
Айтпа өйтіп, тигізген бұл
пайдаң болсын,
Дейсің бе біздің үйде
майдан болсын?!
Тағы да қыз берем деп қызықтырма,
Апаңдай қыздай алған
қайдан болсын! –
деп екі қолын көтеріп, басын шайқай беріпті.
***

Осы Бекең Оңтүстік Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезінде қол астындағы бір қызметкері қабылдауына кіреді.
– Жұмсаған қызметіңіздің бәріне барып жатырмыз. Анда да бардық, мұнда да бардық. Футболдың добы сияқты домалап жүрміз, – деп өзінің біршама мекемені басқарғанын сөз етіп, наз айтса керек.
Сонда Бекең:
– Шырағым, солай домалай берсеңші. Тек аут кетіп қалмасаң бопты, – деген екен.
Қазақ әдебиеті