Ақтау қаласында 15-16 мамыр күндері тұңғыш рет «Кітап керуен – Ақтау» атты ауқымды кітап жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Рухани іс-шара Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Стратегиялық зерттеулер орталығы GUMOL» МЕМ ұйымдастыруымен Қабиболла Сыдиықұлы атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында ұйымдастырылады.
Екі күнге жоспарланған жәрмеңке сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады. Шараға еліміздің әр өңірінен танымал баспалар қатысады. Олардың қатарында Qasym kitap, Steppe&World, «Абай», «Арман-ПВ», ZIYAT, SANA, MAZMUNDAMA, Marfu, «Отбасы хрестоматиясы» және WIK HOUSE баспалары бар.
Жәрмеңке аясында кітапсүйер қауым ақын-жазушылармен және қоғам қайраткерлерімен жүздесу мүмкіндігіне ие болады. Оқырмандар Роза Мұқанова, Оңайгүл Тұржан, Светқали Нұржан, Зира Наурызбай, Бақытгүл Сармекова сынды қаламгерлермен кездесіп, естелік суретке түсіп, авторлардың қолтаңбасы қойылған кітаптарын сатып ала алады.

Сонымен қатар жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, түрлі тақырыптағы секциялық отырыстар мен оқырмандарға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Жәрмеңке барысында ойындар мен арнайы бағдарламалар да өтпек.
Ұйымдастырушылар ақтаулықтар мен қала қонақтарын, барша кітапсүйер қауымды рухани мерекеге қатысуға шақырады.