Ақтау қаласында ерлі-зайыптылардың жеке сипаттағы видеосының таралуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. SMARTNEWS.KZ мәліметінше, танымал асаба мен оның жұбайына қатысты бейнематериалдың интернетке шығуы көпшіліктің назарын аударған, деп хабарлайды kznews.kz.
Ерлі-зайыптылар бұл оқиғаға бұрын бірге жұмыс істеген мобилографтың қатысы болуы мүмкін екенін алға тартты. Олардың айтуынша, видео тек жеке мақсатта түсіріліп, телефонда құпия файл ретінде сақталған. Алайда мобилограф құрылғыға қол жеткізіп, құпиясөзді білген соң бейнені көшіріп алып, желіге таратқан.
Жәбірленуші әйелдің сөзінше, осы жағдайдан кейін оған бейтаныс адамдардан әдепсіз хабарламалар келе бастаған. Ол көпшілікті видеоны таратпауға және қарамауға шақырып, отбасының абыройын сақтауға түсіністікпен қарауды сұрады.
"Біздің балаларымыз бар, біз заңды некедеміз. Бұл видео тек өзіміз үшін түсірілген", – деді ол.
Ал ер адам медиа саласында жұмыс істейтін азаматтарға сақ болуға кеңес беріп, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша жедел шаралар қабылданғанын хабарлады. Ерлі-зайыптылар құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Ведомствоның мәліметінше, WhatsApp мессенджері арқылы жеке видеоны заңсыз тарату фактісі тіркелген.
Аталған іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы ("Жеке өмірге қол сұғу және жеке мәліметтерді заңсыз тарату") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол – Ақтау қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция азаматтарға жеке және құпия ақпаратты заңсыз тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.