Алматы қаласында әл-Фараби даңғылында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты. Қайғылы жағдайға байланысты марқұмдардың туыстары әлеуметтік желіде әділдік талап етіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Полиция мәліметінше, жол апаты 21 наурызға қараған түні шамамен сағат 03:30-да Медеу ауданында болған. Батыс бағытта келе жатқан Zeekr маркалы электромобиль жүргізушісі Меңдіқұлов көшесі қиылысында қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан.
Соққы салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Әлеуметтік желілерде апатта қаза тапқандардың жақындары кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етіп, жазбалар жариялады.
– Әл-Фараби көшесіндегі жол апатынан қаза тапқан қыздардың құрбысымын. Бүгін оларды жерледік. Олар өмірді жақсы көретін, мейірімді, әрдайым күліп жүретін жандар еді. Енді олар жоқ. Біз әділдікке қол жеткіземіз, кінәлілер заң алдында жауап беруі тиіс, – деп жазды қолданушылардың бірі.
Тағы бір қолданушы өзін Mercedes жүргізушісінің ағасымын деп таныстырған.
– Бізге әділдікке жетуге көмектесіңіздер. Көлікті менің інім жүргізген, ол қайтыс болды. Бірнеше күн жерлеумен жүрдік, енді қоғам назар аудармаса, кінәлі адам тиісті жазасын алмауы мүмкін деп алаңдаймыз, – деп жазды ол.
Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, апатта қаза тапқан жүргізуші 29 жаста, ал жолаушылар 22 және 20 жаста болған. Ал Zeekr көлігін 32 жастағы Александр Пак басқарғаны айтылып жатыр. Ол Алматы қаласының жоғарғы бөлігінде тұрады, оның атына екі компания тіркелгені көрсетілген.
Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні Zeekr көлігі басқа автокөлікпен жарысқан болуы мүмкін. Бұл жағдай тергеу барысында тексеріліп жатыр.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша жол-көлік оқиғасы салдарынан адам өліміне әкелген жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тергеу жалғасып жатыр.