Алматыда әл-Фараби даңғылындағы жол апаты 21 наурызға қараған түні болған еді. Қайғылы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары бірнеше қылмыстық іс қозғады. Соның бірі "әдемі" мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беруге қатысты. Бұған дейін тергеу тоқтатылғаны хабарланған болатын, алайда Tengrinews.kz тілшісі прокуратура істі қайта жандандырғанын анықтады.
26 наурызда әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік оқиғасынан бірнеше күн өткен соң, ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев ведомствоның өзіндік қауіпсіздік департаменті мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру мүмкіндігі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
Тергеу Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" бойынша жүргізілді.
Алайда 3 маусымда қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты" іс тоқтатылды. Сол кезде ІІМ кім күдікті болғанын нақтыламаған еді.
Алматы прокуратурасы іс материалдарын зерделеп, істі қосымша тергеуге қайтарғанын хабарлады.
"Қылмыстық іс материалдарын зерделеу нәтижесі бойынша қала прокуратурасы оны қосымша тергеуге қайтарды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады қадағалау органы редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Дереккөз мәліметінше, билікті асыра пайдалану туралы істе әлі күнге дейін күдікті жоқ.
Анықтама: 362-бап 1-бөлігінің санкциясы 3000 АЕК-ке дейін (2024 жылға 11 076 000 теңге) айыппұл салуды, 800 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарды немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді немесе айыруды көздейді.
Тергеу "тыйым салынған серияға" жататын мемлекеттік нөмірлердің берілуін тексеріп жатыр.
ІІМ мәліметінше, Қазақстанда автокөлік нөмірлерінде қолдануға болмайтын 106 әріп тіркесінен тұратын тізім бар.
Оның ішіне, мысалы, USA, KNB, MVD, OPG, SOS және басқалары кіреді. Мұндай тыйым 2018 жылдан бері қолданыста және ол тілдік сараптама қорытындысына негізделген.
Сот процесі барысында апат болған түні Александр Пак 100 QR 02 жалған мемлекеттік нөмірі тағылған Zeekr электрмобилін басқарғаны белгілі болды.
Әл-Фарабидегі қайғылы оқиғадан кейін қанша іс қозғалды?
Үш адамның өмірін қиған жол апаты бірқатар қылмыстық қудалауға себеп болды. Zeekr жүргізушісі Александр Пакқа қатысты негізгі процестен бөлек (ол 22 маусымда 10 жылға бас бостандығынан айырылды), құқық қорғау органдары тағы үш ілеспе істі тергеді:
1. "Әдемі" мемлекеттік нөмірлердің берілуі. "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша істі ІІМ 3 маусымда тоқтатқан болатын, алайда енді прокуратура тергеуді қайта бастады.
2. Алматы ПД бастығының бұрынғы орынбасарының жүргізушісіне қатысты іс. Күдікті ретінде жол апатынан кейін қызметінен шеттетілген Ержан Ұзабаевтың жеке жүргізушісі болып жұмыс істеген полиция қызметкері А. Ж. танылды. Апат болған түні А. Ж. қызметтік Hyundai Palisade көлігімен жасырын жүрген. Ол ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздігі үшін айыпталып жатыр, іс Медеу аудандық сотына жолданды.