Бізді уақыт ерте есейтті. Әкем жарықтық тепсе темір үзетін шақта, жиырма алтысында майданға кетіпті. Мен бар-жоғы төрт жаста екем. Иығыма "жыланкөз" деген жанды жара шығып, күн санаған ауыр халге жеткенде әкем: "Әй, менен ұрпақ қалмайтын болды-ау" деп қатты күйініпті. Құдай тағалам көз жасын көрген шығар. Шешей бір қап бидайға тарыдай-тарыдай бес сынапты сатып алып, сонымен ем жасаған екен. Жараның беті қайтыпты. Осылай өлім аузынан қалған адамның өмірге деген құштарлығы бөлек болады.
Шынығып, шамшылдау ержеттік, тілдімін деп тілдегісі келгеннің сөзін бастан асырмауға, тәтті етке ащы таяқ тигізбеуге тырыстық. Арыма кір шалдырмадым. Бірақ, қиянатқа бармадым. Өзімді де, өзім дегенді де қорлатпадым. Әлі де солай. Сыйынғаным білек емес, білік болды. Кісілікті ізгіліктен, кішіліктен іздедім. Басты айналдыратын балдан тәтті толассыз мақтаудан кенде емеспін. Әсіресе соны көтере білгеніме қарағанда, мінезсіз емеспін-ау деп ойлаймын.
Жетімдік көрдім, бірақ, жетімдігіме ризамын. Бір үзім нан қадірін білемін. Мектепке алты жасымда бардым. Үшінші сыныпқа барған жылы бір қар жауғанша жалаңаяқ жүрдім. Тоғызға толар-толмас қаршадай баланың күздің маңдайдан ұрған қара суығына, сабалап жауған мұздай жаңбырына шыдап, үш шақырым жердегі мектепке барып-келуі оңайға түспейтін.
Өмірге өкпелеуге болмайды. Кейде басына қайғы-қасірет түспеген адам да бақытсыз болады. Ол – өмір сыны. Өмір сынын көрмеген кісі – өмір көрдім демесе керек. Тағдыр маған ауыр сынды көтереді деп берді. Көтердім…
Асанәлі ӘШІМОВ.
Әсет Ақмолданың Instagram желісіндегі парақшасынан алынды.