Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулерін Алматыдан бөлек, Талдықорған және Талғар қалаларының тұрғындары да сезінген.
Халықаралық сейсмологиялық қызметтердің алдын ала мәліметінше, магнитудасы шамамен 5,8 болатын жер сілкінісі Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң өңірі шекарасына жақын аумақта тіркелген. Эпицентрі Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 316 шақырым жерде және Қытайдағы Қорғас қаласынан солтүстік-батысқа қарай 63 шақырым қашықтықта орналасқан. Ошақ тереңдігі шамамен 7 шақырымды құраған.
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісі дүмпулерінің Алматы қаласы мен облысының аумағында және Жетісу облысының аудандарында айқын сезілгенін растады. Дүмпудің Алматы қаласында есептік қарқындылығы 2 баллды құрады.
Сондай-ақ, жер сілкінісі Талғар мен Талдықорған қалаларында да 2 балл деңгейінде сезілуі мүмкін. Ең жоғары қарқындылық Жаркент қаласында, 4 балл шамасында тіркелген. Ал Сарқан, Жансүгіров, Текелі және Шонжы елді мекендерінде 3 балл болған, деп хабарлайды ТЖМ.
Қазіргі уақытта мамандар сейсмикалық оқиғаға қатысты деректерді нақтылап жатыр.
Зардап шеккендер туралы да мәліметтер түскен жоқ.