85-ТІҢ СЕҢГІРІНЕН КӨЗ ТАСТАП… |
Аса ардақты, бек қадірлі оқырман! Міне, бүгін Сіз қолыңызға 85 жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиеті» газетін алып отырсыз. «Қазақ әдебиеті» Сіздің байырғы досыңыз, рухани әлемдегі сенімді серігіңіз деп білеміз. Бәлкім, Сіз әдеби апталықтың су жаңа оқырманы шығарсыз. Қайткенде де, 85-тің сеңгірінен қарап тұрған газет Сізден үлкен, көп үлкен. Үлкендігінің және бір анықтығы: газетке Ғабит Мүсірепов алғаш бас редактор ретінде қол қойып, ақылдастар алқасының құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров бастаған саңлақтар болған. Ендігі сөзді ұзатпай, газеттің тарихына берелік. Құрметтің – «Қазақ әдебиеті». Бұл газеттен еш уақытта қол үзбе, ойлы оқырман!
Газеттің бірінші саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген. Маңдайшасына «Қазақ әдебиеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деп жазылған басылым алғашқы жылдары Совет жазушылары қазақстандық комитетінің тілі (органы) ретінде жарық көріп тұрды.
Газеттің тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы – Мұхамеджан Қаратаев. Редколлегияға Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Ғабит Мүсірепов және Мұхамеджан Қаратаев мүше болды.
Алғашқы жылдары газеттің белгілі бір ретпен шығатын жүйесі болмады. Әр жылдағы саны әртүрлі шығып тұрды. Мысалы, 1934 жылы 31 саны шықса, 1935 жылы 35, 1936 жылы 50, 1937 жылы 54, 1938 жылы 17, 1939 жылы 2, 1940 жылы 6 саны жарық көрді.
Газеттің 1936 жылғы алғашқы санында бірінші беттің маңдайшасына «бес күнде бір рет шығады» деген мәлімет келтірілген. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жүйе сақталмады. Басылымның әр нөмірі арасындағы уақыт мөлшері 6-9 күн, кейде 10-13 күнге созылған.
Газеттің таралымы алғашқы жылдары – 1934 жылы 1 мыңнан 3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3500-ге жеткен.
1940 жылы шыққан 6 нөмірдің барлығы қаңтар айында жарық көрген. Беймәлім себептермен 1954 жылдың аяғына дейін шығуын тоқтатқан «Қазақ әдебиеті» он бес жылдық үзілістен кейін, 1955 жылы 14 қаңтарда қайта жарық көрді.
Қайта жарық көрген басылымның Бас редакторы болып Сырбай Мәуленов тағайындалды.
Осы жылы «Қазақ әдебиетінің» 51 нөмірі жарық көрсе, 1956 жылдан қазіргі күнге дейін аптасына 1 рет, жылына 52 саны шығатын жүйесі қалыптасты.
1956 жылы газет бетінде аса өзекті ұлттық мәселелер көтерілген кезең болды. Осы жылдары Р.Бердібаевтың «Ең үлкен мәдени байлық» (1956 ж., 22 сәуір), Ә.Нарымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» (1956, 1 маусым), М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселе» (1956 ж., 10 тамыз) Партия тарихы институтының бір топ ғылыми қызметкерлері – Т.Кәкішев, Р.Сәрсенбаев, Х.Хасенов, Т.Әлімқұлов, А.Байшин, А.Мұқтаров, Қ.Әбілдаев, Қ.Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» (1956 ж., 17 тамыз) атты атышулы мақалалары бірінен соң бірі жарық көрді. Бұл жарияланымдар қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.
Газетте жарық көрген осы мақалаларға орай ҚКП Орталық Комитеті 1956 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ әдебиеті» газетінің қателіктері туралы» жасырын қаулы қабылдады. (ҚР Президент архиві, 708 қор, 30-тізім, 168-іс). Қаулының қарарында газеттің жіберіп отырған «саяси қателігі» барынша айыпталды. Газет редакторы С.Мәуленов Орталық Комитетте жазаға тартылды. Әйтсе де, қара қылды қақ жарған «Қазақ әдебиеті» сол кездегі саяси тілмен айтқанда, «ұлт әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы мен еңбекшілерді тәрбиелеу ісіне белсенді қатысқаны үшін» 1984 жылы 50 жылдығына орай «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
Бұдан кейінгі жылдары да «Қазақ әдебиеті» газеті елдің рухани-мәдени әлеуетінің дамуына зор үлес қосып, ақын-жазушылардың шығармаларын үздіксіз насихаттап, қаламгерлердің шығармаларын талдап-таразылайтын сын мақалалар жариялады. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза Бас редактор болған кезеңде көптеген журналистер осы басылымда еңбек етіп, шыңдалып, соның арқасында қазақ қаламгерлері арасында «Шерханның шекпенінен шыққандар» деп аталып жүрген толқын дүниеге келді.
Ал қазір «Қазақ әдебиеті» газеті Қазақстан Жазушылар одағының құрылтайшылығымен жарық көріп келеді.
Газет редакциясының алғашқы мекен-жайы: Алматы қаласы, Красин көшесі, 41-үй. Қазіргі мекен-жайы: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105-үй, 3-қабат.
«Қазақ әдебиеті» газетінің әр жылдардағы Бас редакторлары:
1. Ғабит Мүсірепов – 1934 ж., қаңтар – шілде.
2. Бейімбет Майлин – 1934 ж., шілде – 1935 ж., наурыз.
3. Сәбит Мұқанов – 1935 ж., наурыз – 1936 ж., қазан.
Ескерту: Газеттің бұл кезеңдегі кей сандарына Қадыр Қуанышұлы, Өтебай Тұрманжанұлы, Тайыр Жароков, Жақан Сыздықовтар уақытша жауапты редактор ретінде қол қойып отырған.
4. Бейімбет Майлин – 1936 ж., қараша – 1937 ж., шілде.
Ескерту: Б.Майлин 1936 жылғы 29 желтоқсанда шыққан газет санынан кейін көрінбей кетіп, алты ай бойы қол қоймаған. Бұл мерзімде жауапты редактордың орынбасары Тайыр Жароков, уақытша редакторы Өтебай Тұрманжанов алма-кезек газетке басшылық жасап отырыпты. «Қ.Ә»-нің Б.Майлиннің қол қоюымен шыққан соңғы саны – 1937 жылдың 30 шілдесі.
5. Асқар Тоқмағанбетов – 1937 ж., желтоқсан – 1938 ж., сәуір.
Ескерту: Белгісіз себептермен уақытша жабылып қалған әдеби басылымның 1939 жылғы алғашқы саны желтоқсан айының 21-і күні ғана жарыққа шықты. Жыл соңында жарық көрген газеттің екі санында да жауапты редактордың аты-жөні көрсетілмеген.
6. Әлжаппар Әбішев – 1940 ж., қаңтардан «Қ.Ә» жабылып қалған 1955 жылға дейін Бас редактор болған.
Ескерту: Газет 1940 жылы жабылып, араға он бес жыл салып, 1955 жылы
14 қаңтарда қайта шыға бастады.
7. Сырбай Мәуленов – 1955 ж., қаңтар – 1957 ж., наурыз.
8. Ісләм Жарылғапов – 1957 ж., наурыз – 1958 ж., қыркүйек.
9. Әбділда Тәжібаев – 1958 ж., қазан – 1959 ж., наурыз.
10. Зейнолла Қабдолов – 1959 ж., сәуір – 1960 ж., қараша.
11. Жұмағали Сайын – 1960 ж., желтоқсан – 1961 ж., шілде.
12. Жұмағали Ысмағұлов – 1961 ж., тамыз – 1963 ж., наурыз.
13. Әбен Сатыбалдиев – 1963 ж., сәуір – қазан.
14. Әзілхан Нұршайықов – 1963 ж., қараша – 1965 ж., мамыр.
15. Қапан Сатыбалдин – 1965 ж., мамыр – 1967 ж., наурыз.
16. Нығмет Ғабдуллин – 1967 ж., сәуір – 1969 ж., тамыз.
17. Сәкен Жүнісов –1969 ж., тамыз – 1970 ж., ақпан.
Ескерту: Осы мезгілде проза бөлімінің меңгерушісі болып істеген С.Жүнісовтің айтуынша, ол Бас редактордың міндетін атқарушы болып отырған.
18. Әнуар Әлімжанов – 1970 ж., тамыз – 1973 ж., наурыз.
19. Сырбай Мәуленов – 1973 ж., наурыз – 1977 ж., сәуір.
20. Сайын Мұратбеков – 1977 ж., сәуір – 1980 ж., қазан.
21. Шерхан Мұртаза – 1980 ж., қазан – 1989 ж., қараша.
22. Төлен Әбдік – 1989 ж., қараша – 1991 ж., қазан.
23. Оралхан Бөкей – 1991 ж., қазан – 1993 ж., мамыр.
24. Ахат Жақсыбаев – 1993 ж., шілде – 1997 ж., қараша.
25. Жұмабек Кенжалин – 1997 ж., желтоқсан – 1999 ж., маусым.
26. Жүсіпбек Қорғасбек 1999 ж., маусым – 2002 ж., мамыр.
27. Ұлықбек Есдәулет – 2002 ж., мамыр – 2008 ж., ақпан.
28. Жұмабай Шаштайұлы – 2008 ж. ақпан – 2017 ж. тамыз.
29. Жанарбек Әшімжан – 2017 ж. тамыз – 2018 ж. шілде.
30. Дәурен Қуат – 2018 ж. шілдеден…