Өзбек елінің басшысы Шавкат Мирзиёев жол сапасын өзі тексеріп көрді

0

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Сурхандария облысына барған соң бір тәулікке жетпей, жолды жөндеу жұмыстары басталды.

Ол Malibu көлігін өзі жүргізіп, ойылып кеткен ойдым-ойдым жолдармен облыстың орталығы – Термез қаласына барған болатын.

Қолда бар мәліметке қарағанда, Мирзияев тұрғындардың шағымдарын ескеріп, Байсын – Денау бағытындағы жолдың жайын осылай арнайы тексеріп көргісі келген.

Облыс орталығында ел президенті жергілікті басшыларға көпшіліктің пікірлерін ескере отырып, 15 күннің ішінде қазіргі заманғы сапалы да тегіс жолдың жобасын дайындауды тапсырды.

Сол күні жалпы ұзындығы 111 шақырым Байсын – Денау автожолын жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұл ұзын жол Байсын (Жиделі Байсын), Бандихан, Құмқорған, Алтынсай және Денау аудандарын басып өтеді.

Жөндеу жұмыстарына бірден 70-тен аса арнайы техника мен 120 жұмысшы жұмылдырылды.

Бұған дейін Шавкат Мирзияев Байсын – Денау жолымен келе жатып, қасында отырған жергілікті лауазым иесіне «мынадай жолмен жүру мүмкін емес қой» деп бірнеше рет қайталап айтқан еді.