«Енем ұрып, өлтірем деп, дарға да асты»: Келін адам шошырлық сырымен бөлісті (видео)

0

«Қыз мұраты кету»-дейміз! Реті келсе бұл сөздерді әрдайым айтып жүреміз. Ал теңін тауып, келісімін беріп жүрек қалауымен кетіп жатса әрине қуаныш. Алайда, бағын еркінен тыс бөтен босағаға байлағандар қаншама?! Осы бір үрдістің ескіргенін қанша айтып, жазып жүрсек те тоқтар емес. «Еуразия» бірінші арнасының «Пендеміз ғой» бағдарламасының кейіпкерлері алып қашудың құрбаны болып, тұтқында өмір сүрудің азаптарымен бөлісті.

«Үйге бара жатқан жолымды торуылдап, көлікке басып салып алды. Көлікте бірнеше жігіт болды. Менің оларға күшім жетпеді. Содан қайтып келуге қорықтым. Сөз болмасын деп, анамның жүзі жерге қарамасын деп  қала бердім. 4 айдан кейін ол менің қасыма тіпті жоламайтын болды. Ұра бастады. Туған күніме ата-анам мен әпкелерім қонаққа келген еді. Алғаш қол көтеруге сол себеп болды. Әпкелерің үйге неге келеді? Келмесін деп ұрды. Енем ұрсып, қуып жібереді. Өз үйіме келемін де бірақ ішімдегі сырымды айта алмайтынмын. Ағамнан қорқамын. Қайта кетемін. Енем «…итім ұқсап тағы қайтып келдің бе?!»,- деп ұрсады. Үндемей жұмысымды істеп жүре беремін.  Кейін енем ұратын болды. Өлтірем деп, дарға да асты. Жалынып, жалбарынып әрең аман қалдым. Уақыт өте енем қыздарына ұрғызатын болды. Өзі қарап отыратын. Бұл қорлыққа шыдамай, амалсыздан үйге қайтып келгенімде, өз ағама да симадым. Ұлым екеумізді ағам ұратын болды. Екі рет инсульт алдым. Сол себепті қазір басқа қалада күн кешуге мәжбүрмін. Мені алып қашқан күйеуіме лағынет айтамын!»,-деді Севара Юсупова.

Бұл ХХІ ғасырдың көрінісі. Қазір жейтін асымыз да, тұтынатын затымыз да өзгерсе де, Мұхтар жазған «Қорғансыздың күні», Жүсіпбек бейнелеген «Ақбілектің мұңы», Міржақыптың шығармасындағы  «Бақытсыз Жамалдың» жыры әлі бар. Оған куә алғаш көрген адамы алып қашып, еркінен тыс қапыда келін болып кете барған тағдырлардың көптігі.

Тоғжан Шарапбекова: «Мен күйеуіммен интернет арқылы таныстым. Екі ай сөйлесіп қана жүрдік. Кездеспедік. Себебі ол ауылда тұратын еді. Негізі үйде өз ата-анамның маған деген жаман қарым-қатынасынан қашып кеткім келген. Сол себепті бірінші кездесуде мені алып қашып кеткен адаммен бірге отбасын құруға көне салдым. Ол басында ажырасқандығын айтқан болатын. Бірақ ішімдік ішетінін жасырған екен. Мас кезінде қолына түскен затпен қойып қалатын. Пышақ кезеп, қыстың күні далаға жалаңаш қуып жіберетін. Арақ тауып келмесем, өлтірем деп қорқытатын. Әрең қашып құтылдым. Әйтпегенде ол қызым екеумізді бір күні пышақтап өлтіріп тастауы мүмкін»,-деді.

«Босаға аттаған», «Есік көрген» деген сөзге қалмайын деп, ата-ананың абыройына нұқсан келмесін, ел-жұрт сөйлемесін деп бейтаныс жанмен өмір сүруге бел буған қыздардың тағдыры осындай.  Алып қашудың құрбандарына көбіне ата-ана жылуын көрмеген, жетім, өз үйінен қашып кетуді армандайтын, өзгеден жылу іздейтін қыздар ұшырайды екен.