Атырау облысында ата-енесін өлтірді деген күдікке ілініп, Индонезияда ұсталған Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның тағы бір фотосуреті жарияланды, деп жазды Ertenmedia.kz.
Тараған кадрдан қолына кісен салынған Сұлтан Сәрсемәлиев пен қасында отырған әйелі анық байқалады. Ал Ақбаян Мұқанғалиеваның қолында кісеннің жоқ екені көрінеді. Олардың арт жағында тұрған адамдардың Индонезия полициясы қызметкерлері болуы мүмкін.
Фото: kicknews.today (видеодан скрин)
Бұған дейін ерлі-зайыптының Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаны хабарланған. Қазір оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Мәліметке сүйенсек, арнайы операция 24 ақпан күні өткен. Қылмыстық іздестіру бөлімінің басшысы И.Команг Виландра күдіктінің Сенару ауылында жүргенін анықтағаннан кейін жедел ұстау шарасы жүргізілген. Құқық қорғаушылар қонақүйге кірген кезде Сәрсемәлиев қашып шығуға әрекеттенгенімен, көп ұзамай құрықталған.
Еске салайық, Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиева былтыр қарашада Атырау облысының Жангелдин ауылында Мұқанғалиеваның ата-анасын өлтірді деген күдікке ілінген. Қаза болған ерлі-зайыптының мәйіттері өз үйлерінің қора-жайының астынан табылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер қылмыс ізін жасырып, марқұмдардың мүлкі мен ақшасын иемденуі мүмкін.