Адал партиясының белді мүшесі LRT-да жемқорларды дарға асуды ұсынды

0
1064

Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысы бітпей қалып, көпшілік бұны «жемқорлық» символына теңеген болатын. 2013 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.

LRT-ның құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты.

Артынан «Астана банкінде» тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді. LRT айналасындағы жемқорлыққа байланысты танымал блогер, халықтың қаржылық сауатын ашып жүрген Дәулет Мұқаев  LRT-ны игерудің басқа жолын айтты. Ол аталған столбтарда жемқорларды дарға асуды ұсынды.

«Ұлы дала жемқорлығынан қалған ұлы дала ескерткіші Нұр-Сұлтанда әлі осылай тұр. LRT ақыры салынбайды екен, бұдан былай жемқорларды дарға асатындай жасау керек. Мүмкін, сол кезде мына столбтардың пайдасы тиер?!» – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы 2011 жылы басталып, 2020 жылдың маусым айының аяғында аяқталуы тиіс еді. Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның өтелуіне сенбейтінін айтқан. Сондықтан билік станцияларды, пойыздарды қысқарту туралы шешім қабылдады. LRT құрылысына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілді.