Түркімен билігі Қазақстандағы жағдайдың қайталануынан қорқып, қоғамдық тәртіпті күшейтті
Түркіменстанда Қазақстандағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қоғамдық бақылау күшейген: полиция топтасып тұрған адамдарды таратып, кей азаматтардың телефонын тексеріп, халықты интернетке үкіметке қарсы жазбалар жарияламауға шақырып жатыр.
Түркіменстан билігі Қазақстандағы соңғы оқиғалардан кейін халықты қатаң бақылауға алып, елдімекендерге полиция жіберіп, азаматтардың телефонын тексере бастаған.
Жергілікті халықтың айтуынша, осы аптада Мары облысының орталығында ресми жарияланбаса да, түнгі уақытта комендант сағаты күшіне енген.
«Комендант сағаты 21:00-де басталады, түні бойы көшеде полиция көлігі жүреді» – дейді тұрғындардың бірі.
Кейінгі кездері өңірде қауіпсіздік шаралары күшейген. Полициядағы ақпарат көздері биліктің Қазақстандағы үкіметке қарсы наразылықтан қорқып қалғанын айтады.
Полиция көшеде топтасып, әңгімелесіп тұрған адамдарды көрсе, оларды таратып жіберуге тырысады.
Полиция «коронавирустың таралуына жол бермеу үшін әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырып жатырмыз» деп ақталады. Түркіменстан билігі елде коронавируспен ауырған науқастар жоғын мәлімдегенімен, дәрігерлер пандемия кезінде көп адамға инфекция жұғып, ауруханаға түскенін, кей азаматтар осы сырқатынан көз жұмғанын айтады.
Полиция қызметкерлері көшеден өткен жастарды тоқтатып, олардың телефонындағы хабарламалар мен байланыс нөмірлерін тексереді. Бұл туралы ақпарат берген тұрғындар сын көтере алмайтын биліктің қырына ұшыраудан қорқып, аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінді.
Кейінгі күндері құқық қорғау органдарының қызметкерлері туыстары шетелде оқитын немесе жұмыс істейтін тұрғындардың үйіне барып, басқа мемлекетте жүрген түркімен азаматтары ел билігіне қарсы ақпарат таратпауы керек деп ескерткен.
Соңғы қорқытып-үркіту шарасына үкіметтік шенеуніктер де іліккен.
Мары облысындағы ақпарат көзінің дерегінше, мемлекеттік орган қызметкерлеріне «балаларыңыз немесе туыстарыңыз әлеуметтік желіде үкіметке қарсы пікір жазса, бірден жұмыстан босатыласыздар» деген ескерту жасалған.
Құқық қорғау органдарындағы ақпарат көздері бұл шараларды Қазақстанда болған оқиғалармен байланыстырады.
Қазақстандағы тәртіпсіздіктер Түркіменстанмен шекаралас Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы наразылықтан басталған.
«Түркіменстан билігі Қазақстандағы жағдай бізде де қайталануы мүмкін деп алаңдап отыр», – дейді аты-жөнін атамауды сұраған полиция қызметкері.
Түркіменстанда билікке қарсы наразылық акциялары сирек кездеседі, ал үкіметті сынаған белсенділер қатаң жазаланады.
Елде сөз бостандығы жоқ. Бірақ кейінгі жылдары шетелде жүрген түркімен белсенділері онлайн-платформалар арқылы ойын ашық айтып, пікір білдіре бастаған.
Түркіменстанда табиғи газ қоры мол болғанына қарамастан, халықтың көбі кедей өмір сүреді. Халық жұмыссыздық, қымбатшылық пен азық-түлік тапшылығынан зардап шегіп отыр. Одан бөлек, жемқорлық пен азаматтық еркіндіктің шектелуі мәселесі де бар.
Халқы нанға зәру Түркіменстанда билік енді сыни видеоларды көруге тыйым салды.
Биліктің сын көтере алмайтынын мына оқиға да дәлелдейді: Ашғабат полициясы үкіметтің кей азық-түлік өнімдерін субсидиялаудан бас тарту туралы шешіміне қарсы шыққан азаматтарды қудалауға көшкен.
Қаңтардан бастап полицейлер өткен айда «Ашхабадтағы мемлекеттік дүкендерде субсидияланған азық-түлік өнімдері жетіспейді» деп, петицияға қол қойған азаматтардың үйін аралап жүр. Наразылық білдіргендердің көбі – зейнеткерлер.
Полиция бірнеше азаматты тергеуге алып кетіп, «үстеріңнен қылмыстық іс қозғаймыз» деп қорқытқан. Түркімен азаматтарының көбі азық-түлік өнімдеріне бөлінген субсидияның арқасында әзер күнелтіп отыр.
Мақаланы Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері берген ақпарат негізінде Фарангис Наджибулла жазып шықты.