Бүгін, 12 сәуір күні Маңғыстау облысы әкімдігі мен білім басқармасы және «Риза-ана» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Рамазанованың ұйымдастыруымен «Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін салушы, шығыстанушы, ағартушы, жазушы Санжар Керімбайдың «Бейсембай және әдеби майдан» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Ақтау қаласында өткен іс-шараға «Ауыл» партиясының өкілдері, «Шыңырау» әдеби-мәдени клубының оқырмандары, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және қала тұрғындары қатысты.
Тұсаукесер барысында қатысушылар ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаевтың шығармашылығымен және туындыларының негізгі бағыттарымен танысты. Іс-шара аясында қонақтарға Бейсембай Кенжебаевтың еңбектеріне қатысты құнды мәліметтер ұсынылып, танымдық ақпараттар берілді. Сонымен қатар, жиналған қауым қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосқан тұлғалардың ғибратты өмір жолымен танысты.
«Риза-ана» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Рамазанова іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
- Бүгін жексенбі күні негізінен Маңғыстау халқы тойлап жүруі керек еді. Соған қарамастан, залдың лық толуы – Санжар ағамыздың адамдардың бойында кітапқа деген қызығушылықты оята білгенінің айқын дәлелі. Ол күннен-күнге жаңа кейіпкерлердің болмысын ашып, экзистенциалды талдау арқылы адам санасында ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, патриоттық сезімді күшейтетін ерекше рухани әсер сыйлайды, - деді Бибігүл Рамазанова.
Жиынға қатысқан көрермендер де өз пікірлерімен бөлісті.
- Бүгін Санжар Керімбайдың «Бейсембай және әдеби майдан» кітабының таныстырылымына арнайы келдік. Санжар ағамыз – ұлттың рухы мен жан дүниесін халыққа жеткізуді мақсат еткен тұлғалардың бірі. Біз оның қиссаларынан бастап бүгінге дейін жарық көрген көптеген еңбектерін оқып келеміз. Осындай мазмұнды, құнды бастамалары арқылы қазақ халқының ұлттық санасын оятып жүрген Санжар ағамызға мың алғыс айтамыз, - деді көрермендер.
Айта кетейік, 13–15 сәуір аралығында Санжар Керімбай «Адам болмысында не бар? Бала тәрбиесіндегі маңызды 6 жыл» тақырыбында ата-аналарға арналған лекциялар өткізеді. Атап айтқанда, 13 сәуір күні Жаңаөзен қаласындағы Мұнайшы мәдениет үйінде сағат 12:00-де, 14 сәуірде Мұнайлы ауданы Фариза Оңғарсынова атындағы мәдениет үйінде сағат 12:00-де және 15 сәуір күні Ақтау қаласындағы Оқушылар сарайында сағат 11:00-де өтеді.