Home Басты тақырып Тұрарбек Құсайынов. Мүфтияттағы трайбализм

Тұрарбек Құсайынов. Мүфтияттағы трайбализм

0
2126

KzNews.kz еркін ақпарат алаңы. Азаматтардың заң шеңберіндегі барлық көзқарасын жариялауына мүмкіндік бар. Бүгін поштамызға келіп түскен қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайыновтың елдегі мұсылмандардың ең үлкен қоғамдық бірлестігі Мүфтият төңірегінде болып жатқан келеңсіздіктері туралы жазбасын жариялап отырмыз. Егер автордың көзқарасымен келіспейтін оқырман болса, олардың да пікірін жариялауға әзірміз.

 *   *   *

Мен аймақшыл сепаратизмді қоздырды деген айыппен бірнеше жыл түрмеде отырып,  жазамды өтеп келгенмін. Қазақ халқының жүздік, рулық бөлінісін саяси ойындарға пайдаланбақшы болған арам пиғылды адамдардың жетегіне еріп кеткеніме әлі күнге дейін өкінемін. Жіберген қателігімді мойындап, халықтан жария түрде кешірім де сұрағам. Мемлекеттің тұтастығын бұзу яки соған шақыру немесе трайбализмге бейім әрекет, біле білсек, бұл  – қылмыстың үлкені. Мұндай қылмысты біреу біліп жасайды, біреу білмей жасайды. Сондықтан әрқашан осы тәріздес оқиғаларды талдап, одан сабақ алып отыру керек. Бұрыс жолға бағыт алып бара жатқан жағдайларды қоғам  талқысына салып, оңы мен терісін анықтап отырған жөн.

Трайбалистік идеяның жетегінде кетіп, сепаратизмге шақырғаным үшін жазаланып, өзімнің кінәмді мойындаған,яғни жақсы мен жаманның не екенін түсінген мен үшін қазіргі бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің саясаты мен азаматтық ұстанымы күмән туғызып жүр.  «Ауруын жасырған адам өледі» деген мақал бар. Дін саласындағы келеңсіз жағдайларды айтпасақ, қоғамға және қазақтың тұтастығына зор нұқсан келеді.

Науырызбай Өтпенов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болып сайланғалы бері мүфтият молдалары мен мешіт қызметкерлерінің шыққан тегін анықтайтын анкета енгізді. Анкета толтырушы ұлтымен қатар, қай жүзге жататынын, қай рудан екенін жазуға міндетті. Кадр іріктеуде Бас мүфти енгізген бұл ноу-хау(жаңашылдық) бекер емес екен. Бас мүфти оңтүстіктің тумасы екені өмірбаянында айтылады, бірақ ол кіші жүздің тама руынан екенін көп адам біле бермейді.  Наурызбай Өтпеновтың «діни элита» арасында беделі жоқ, бұл жағдайды сарапшылар оның білімі мен шариғат мәселесін жіліктей алмайтын орашолақтығымен байланыстырады. Ол бар болғаны еліміздегі саяси биліктегі кейбір шенеуніктерге жағынып, соларға арқа сүйеп алған. Бұл оның «діни элита» мен қарапайым намазхандар ортасындағы беделін көтеріп тұрған жоқ. Сондықтан ол өзінің позициясын мығымдай түсу үшін трайбализмге жүгініп, өзінің айналасына рулас немесе кіші жүздің өкілдерін жинай бастаған секілді. Мұның мысалы ретінде Хазірет Сұлтан мешітіне Ерболат Жүсіповты бас имам, Ершат Оңғаровты наиб-муфти етіп тағайындауын айтуға болады. Өзі олай-былай болып кеткен жағдайды да есепке алып, Ершат Оңғаровты Бас мүфти қызметіне қойып кетуді қамдап жатқаны байқалады.

«Дін мен мемлекет бөлек» деген қағида дұрыс екені белгілі. Солай болса да Қазақстан жағдайында діндарлар саяси элитаға, саяси элита дін саласына ықпал етіп отырады. Қандай байланысы бар екенін белгісіз, Нұр-Сұлтан қаласына Күлгінов әкім болып тағайындалған соң  дін саласында кіші жүз өкілдерінің саны күрт өсті. Нұр-Сұлтан қалалық дін істері жөніндегі басқарма жетекшісі Нұрдәулет Әлмұқановтың өмірбаяны мүфти Өтпеновтікімен ұқсас – оңтүстікте туған,руы кіші жүзге жатады. Ол астанада кадр құрып қалғандай Ақтөбеден Жандәулет Сүлейменовты шақыртып, «Дінді зерттеу орталығы» директорының орынбасары қызметіне тағайындады.

Мемлекеттің дін саласын қадағалайтын комитеттеріндегі өзгерістер Бас мүфтидің емін-еркін, қысылып-қымтырылмай әрекет етуіне даңғыл жол ашты. Ол ҚМДБ аппарат жетекшісі қызметіне Ғылымбек Мәжиевті, Сараптама және дін істері бөлімінің басшысына Нұрбек Есмаханбетті, яғни «өз адамдарын» тағайындап алды.

ҚМДБ мен мешіттерге дін кадрларын дайындайтын «Нұр-Мүбәрәк» университетін де «Өтпеновтің адамдары» орап алды. Универсиеттегі «Әбу-Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығын Шәмшадин Керім басқарып отыр, ал Қайрат Құрманбаев университет проректоры болды. Ислам философиясын түсіну және оны басқа жұртқа жеткізуде араб тілін жетік білу маңызды екенін бәрі мойындайды, бірақ аталған адамдардың Бас мүфти секілді тілге шорқақ екенін жасыра алмаймыз. Мұнда да мүфтияттың кадр саясатындағы трайбалистік желінің кең етек жайып бар жатқанын байқаймыз.

Қазақстан өз алдына республика болғалы дін саласында оңтүстіктің тумалары басым. Бұл Советтер(кеңестер) одағы тұсындағы ислам орталығының Бұхара қаласы болуымен байланысты. Сондықтан имамдар мен дін қызметкерлерінің сексен пайызы ұлы жүздің өкілдері еді. Әрине, бұл дұрыс емес. Мешіт молдасы жергілкті кадрлерден іріктелу керек, сонда ол намазхандардың руханы жан-дүниесін жақсы түсінеді. Бірақ, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жағдайды күрт өзгертуге болмайды. Мүфтияттың қазіргі кадр саясаты  дін саласында бұрыннан басым позицияда болған Ұлы жүз өкілдерінің Наурызбай Өтпеновке және оның руластарына деген жағымсыз көзқарасы күн санап үстемелеп келеді.  Қазір мүфтият ішінде трайбалистік интрига ушығып тұр. Бұл ру түгілі ұлтқа бөлмейтін, барлық  мұсылманды тең санайтын ислам принципіне қарама қайшы. Әрқашан ислам жамағаты білімдар, дегдар, әділетті адамды имам етіп алдыға шығарса  ғана қоғамның тұтастығы болатынын жақсы түсінген. Осы тұрғыдан алғанда Бас мүфтидің қазіргі саясаты мемлекеттің де, халықтың да ұлы мұратымен үйлеспейді.

 

Тұрарбек Құсайынов,

«Демос» ҚБ төрағасы