Home Басты тақырып Бас мүфти шындықтан қашып құтыла алмайды

Бас мүфти шындықтан қашып құтыла алмайды

0
2974

ҚМДБ имамдары мен Бас мүфтиге қатысты дәлелді айтылған сыннан сабақ алып, мінін түзетудің орнына мүфтияттың арнайы өкілі қашыртпа жауап беруден жалықпайтын болды. «Бас» десең, құлағын көрсететін,яғни тілі шықпаған бүлдіршіндей  әдет шығарып жүр. Аталы сөзге тоқтау атымен жоқ. Менің және басқа авторлардың баспасөзде жариялаған мақалаларына орай мүфтият өкілі төрт мәселеге қатысты үстірт  жауап бере салыпты. Мұнысы «ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайдының» кері. Қалайда діни салаға жауапты Бас  мүфтиді арашалап қалуды көздейді.

Мысалы, мүфтият өкілі сын мақалаларға байланысты берген жауабының бірінші бөлігінде «Осыған дейін Діни басқарма қызметкеріне, оның діни сенімі мен көзқарасына қатысты мәселе болмаған. ҚМДБ жанындағы Сараптау комиссиясының бағалау сынынан өткен тұлғалар ғана қызметке қабылданады» деп қысқа қайырыпты. Олай болса,  сараптау комиссиясының кейбір мүшесінің шама-шарқына тоқталайық.

Бұл мәселе «комиссия діни қызмет істегісі келетін кандидатты әділ әрі жан-жақты тексеруден өткізе ала ма?» деген сұраққа жауап береді.

Сараптау комиссиясының барлық жұмысын ҚМДБ Дін істері және талдау бөлімінің меңгерушісі Нұрбек Есмағанбет қадағалайды. Имамдардың, мүфтияттағы басқа да  діни  қызметкерлердің бәрі осы Нұрбек Есмағанбеттің мақұлдауынан өтеді. Оның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Мұны ешкім жоққа шығара алмайтын шығар. Мүфтияттағы былық-шылықтан мейлінше хабардар  дереккөздің айтуынша, Нұрбек Есмағанбеттің жұмыс істеу стилі мынандай: ол өзіне ұнамаған дін қызметкерлерін қоқан-лоқы жасау, қорқытып-үркіту арқылы «өз еркімен жұмыстан кету туралы» арыз жаздырудың шебері екен. Жаңаөзеннің және Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Төрткөл ауылы имамының «түбіне» де солай жетіпті. Әрине, қуғынға ұшыраған имамдар сотқа арызданған, бірақ «дін мемлекеттен бөлінген» деген сылтаумен «Есмағамбетовтың ісі» қаралмай қалды.

«Сарапшы» Нұрбек Есмағанбет имамдық қызметін де адал атқара алмаған

Ол Алматы қаласының Орталық мешітіне имам болғанда мешіт қазынасы тықырланып түгесіліп қалған, нәтижесінде мешіттің сәні кетіп, тозып кеткен еді. Алматыдағы  мұсылман жамағаты оны «мешіт тарихында болмаған ең нашар имам» деп еске алады.

ҚМДБ ережесі бойынша, білдей бір бөлімнің басшысы  әрі сараптау комиссиясына бейресми жетекшілік ететін адам мүфтияттың астанадағы бас кеңсесінде отыруы тиіс. Ал Нұрбек Есмағанбет Алматыда тапжылмай отырды. Неге? Мүфтияттағы дереккөз оның үш себебін айтады.

Біріншіден, Нұрбек Есмағанбет Кіші жүздің тумасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының аталасы болып келеді.

Ол мүфтидің Алматы қаласындағы сырт көз білуге тиісті емес жасырын тапсырмасын орындаумен шұғылданады, мұны басқаша айтсақ хазіретттің Алатау баурайындағы «көзі һәм құлағы». Сондықтан Нұрбек Есмағанбет қызметі талап ететіндей ҚМДБ-ның бас кеңсесінде отыруға «міндетті емес».

Екіншіден, Нұрбек Есмағанбет 2007 жылға дейін Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының бас имамы болды. Бұл кезде Наурызбай Өтпенов Қарағанды өңірінде  өкіл имам әрі Қарағанды қаласы орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарды. Екеуі аға-інідей етене араласты, қазіргі бас мүфтидің жұрттан жасыратын құпиясы мен біраз былығына қанық…

Бас мүфти секілді Нұрбек Есмағанбет те трайбализм дертінен арыла алмай келеді. Сараптау комиссиясына басшылық жасайтын Н.Есмағанбет Алматы мен Алматы облысындағы көптеген мешітке сыныптас, рулас, таныс-тамырларын жайғастырып тастапты.

Ершат Оңғаров деген кім?

Бізге жеткен бір дерек бойынша сараптау комиссиясының жұмысына Наурызбай Тағанұлының «оң қолы» әрі орынбасары Ершат Оңғаров та белсенді қатысады. Бұл адамның да алған білімі мен діни ұстанымына қатысты сұрақ көп. Араб елдерінде ұзақ білім алғанымен оның арабшасы нашар, тіпті діни сауаты «орташадан төмен» деп баға беруге болады.

Ершат Оңғаров Египетте екі жылдық курстың тыңдаушысы болған. Қазақстанға келген соң курстың  сертификатын арабшадан қазақша «магистратура бітірді» деп аудартып, нотариуспен рәсімдеп алды» деген сөз бар. Сол жалған құжаттың көмегімен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторантурасын тәмамдаған. Қазір Нұр-Мүбәрак университетінің диссертациялық кеңесіне мүше, білдей ғылым докторы.  Егер жоғарыдағы сөз шындыққа айналса, наиб мүфтидің докторлығы заңсыз, жоғары лауазымды дін адамы нағыз суайттың өзі болып шығады. Егер «бұл жалған» десе, Ершат Оңғаров мырза магистратура бітіргені туралы дипломының түпнұсқасын және магистрлік диплом жұмысының тақырыбын жарияласын.

Ершат Оңғаровқа қатысты бұдан да өткен сорақы жайт бар. Жамағатқа мүфтият атынан кімнің сөйлейтінін шешетін де, ҚМДБ-ға айтылған сынға баспасөзде қалай жауап беруін де сол қадағалайды. Ол Египетте оқып жүрген кезде хабашиттер дейтін шафиит мәзхабындағы сопылық бағытты ұстанатын ағым өкілдерінің ықпалына түсіп кеткен. Ершат Оңғаров студент кезінде Каирдегі 8-ауданда тұрған, ливандық  шейх Ахмет дейтін хабашиттің дәрісін тыңдаған, хабашит ағымының негізін қалаған Абдолла әл-Харариді пір тұтқан. Оның хабашит ілімімен уланғаны туралы дәлел-дәйектер «ҰҚК-нің мұрағатында жатыр» деген дерек бар.

Ислам әлеміндегі діни радикалдардың бір қанаты салафиттер десек, екінші қанаты болып хабашиттер тұр. 2006-2008 жылдары Египет билігі хабашиттерді жаппай қамауға алғанын білеміз. Египеттің арнайы қызметі хабашиттерге ілескен қазақ жігіттерін де ұстап, тергеген болатын. Ершат Оңғаров ол кезде Қазақстанға кетіп үлгергендіктен ұстап-қамаудан   аман қалады. ҚМДБ сараптау комиссиясына тікелей ықпал етіп, имамдарды тағайындаудың тетігін ұстап отырған Ершат Оңғаровтың жеке басына қатысты бұдан басқа да қызық деректер бар. Оны да реті келгенде жариялармыз.

Кіші жүздің тумалары мүфтиятты жаулап алғандай

ҚМДБ сараптау комиссиясының жұмысына заңгер ретінде қатысып отыратын Сағитжан Дәулетияр деген жігіт бар. Кездейсоқтық па, әлде басқа басқа ма, ол да Кіші жүздің тумасы екен…

ҚМДБ-ны қаумалап алған осындай діни қызметкерлерді тізе берсе, таусылмайды. Олардың алған білімі және «ханафи» мазһабымен үйлесе бермейтін діни көзқарасы да әңгімені көбейте түседі. Сондықтан,  «Мүфтияттағы трайбализм», «Бас мүфтиді діни радикалдар қаумалап алды» деген тақырыппен мақала жазып, ҚМДБ-ға сын айтуға негіз бар.

Бас мүфтидің жанында жүрген серіктерінің,яғни салафиттердің ұясы болған «Тайба» колледжін тәмәмдағаны олардың өмірбаянында жазулы тұр. Діни білім беретін колледждің сот шешімімен радикалды деп танылып, жабылғаны, тыйым салынғаны да шындық. Бұл сот шешімдерінің реестрінде тұр.

Нұрлан Рамазанов «Әзірет Сұлтан» мешітінде қызмет етіп жүргенде өзі секілді наиб имам Марат Бектазиновтың мешітке шешіп қойған су жаңа аяқ киімін ұрлап кеткені өтірік пе?!

Онда неге сол дін қызметкері молдалар мен намазхан жамағат арысында «тәпішкі имам» деп аталады?!

Мешіттің бақылау камерасына жазылып қалған оқиғаны беталды терістеу мүмкін емес қой.

Өмірбаяны мен алған білімі күмәнді, бір кездері радикалды көзқараспен уланған, атап айтқанда тамыр-таныстықтық және жең ұшымен жалғасқан, трайбалистік пиғыл арқылы топтасқан  адамдар басқаратын сараптау комиссиясы дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілігіне қалайша  әділ баға бере алады?!

Бұл қойды қасқырға бақтырып қойған жағдаймен бірдей емес пе?!

Айтылған сынға мүфтият үнемі сырғытпа  жауап беріп, құтылып кетуге бейім тұрады. «ҚМДБ жанындағы Сараптау комиссиясының бағалау сынынан өткен тұлғалар ғана қызметке қабылданады» деп жұртты  алдағысы келеді. Адамды бірнеше мәрте алдап кетуге болатын шығар, бірақ Жаратушыны алдау мүмкін емес. Себебі, Ақиқат – Құдайдың бір сипаты. Бас мүфти Наурызбай Өтпенов шындықтан қашып құтыла айлмайтынын біле ме екен…

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Kznews.kz ақпараттық порталы.

Автордың жазбасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.