Байбектің әпкесі бір фильмге екі келісімшарт жасап, 425 миллион теңге алған

0

Бұл туралы қоғам белсендісі Жанболат Мамай жазды.

«Байбек туралы түсірген алғашқы фильмде оның әпкесі Айгүл Байбектің компаниясы Aray Media Group Отандық киноны дамыту қорынан 155 миллион теңге шамасында қаржы алғаны туралы айтқанбыз. Келісімге сәйкес, Айгүл Байбек бұл ақшаға “Дос — Мұқасан» тобы туралы фильм түсіруі керек еді. Алайда, ақша берілді, ал фильмнің өзі жоқ. Отандық киноны дамыту қорының басшысы Гүлнар Сәрсенова бұл мәселені қалай шешті? Оп-оңай. Айгүл Байбек 155 миллион теңгеге кино түсіргісі келмесе, оған қосымша ақша беру керек деп шешті. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Гүлнар Сарсенова басқаратын қор Айгүл Байбектің компаниясына тағы да 270 миллион теңге берген. Дәл сол «Дос-Мұқасан» туралы фильмді түсіруге!

Егер Айгүл Бауыржанның әпкесі болмаса, бұл мүмкін бе еді? Мәселе Сарсенованың жеке қаржысында емес, мемлекеттік бюджеттің есебінде болып тұр ғой. Неге бұл факт тексерілмеген?

Біз Байбектің жемқорлығына қатысты қазірдің өзінде 2 мыңға тарта беттен тұратын материал жинадық. Қазіргі айтып отырғанымыз соның бірі ғана. Жақында қазақ және орыс тілдерінде Байбек отбасының бизнесі туралы жаңа фильм жарық көреді.

Осыдан кейін Байбекке қарсы қылмыстық іс қозғалмаса, бұл тікелей Назарбаевтың қолдауымен жасалып отырған жемқорлық деп түсінуіміз керек. Себебі, біз келтірген мәліметтерден соң Байбек қызметте емес, абақтыда отыруы тиіс еді» дейді қоғам белсендісі.