Түркістан облысында кафель шығаратын зауытта жұмыс істеген спортшы Тілектес Әділ жазатайым оқиғадан көз жұмды, деп kznews.kz тілшісі Sport Bugin басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның досының әлеуметтік желідегі жазбасына сәйкес, оқиға спортшы зауытта жұмыс істеп жүрген кезде болған. Оның айтуынша, Тілектес Әділ электр сымына абайсызда тиіп, ток соққаннан кейін биіктіктен құлаған.
Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
Тілектес Әділ Бақытжанұлы есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы жарыстарда ел намысын қорғаған. Ол Қазақстан чемпионаттары мен спартакиадаларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған.
2018 жылы Ақтөбе қаласында өткен есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы Қазақстан Республикасының II Спартакиадасында грек-рим күресінен 55 келі салмақта чемпион атанды.
Ал 2019 жылы Қостанайда өткен грек-рим күресінен ересектер арасындағы командалық Қазақстан чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде бірінші орын иеленген.
Сондай-ақ спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанған.
Марқұмның артында жары мен екі баласы қалды.
Тілектес Әділдің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз.