Ақтөбеде 17 жастағы жігіт сүйіктісімен төсектес болғаны үшін сотталды: Оқушы қыз босатуды өтінді

0

Ақтөбеде 17 жастағы колледж студенті 15 жастағы оқушымен жыныстық қатынасқа түскені үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сот жабық өтіп, журналистер үкімді тек онлайн тыңдай алды, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Сот төрағасы үкімді оқығаннан кейін ата-аналары БАҚ өкілдерімен тілдесуден бас тартты. Өз кезегінде соттың баспасөз қызметі неге бас бостандығынан айырмайтын шартты жаза тағайындай алмағанын түсіндірді.

«Бұл баптағы жазаның өзге нұсқалары қарастырылмаған. Үкімді шығарар кезде сот оның үйде және колледжде жақсы азамат ретінде сипатталып, жәбірленушімен келісімге келгенін ескерді. Сондай-ақ, 15 жасар қыз да оған еш тағар айыбы жоғын айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Осы орайда сот барынша жұмсақ жаза кесуге тырысты», — деді сот хабарламасында.  

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстандықтарды елеңдеткен махаббатхикаясы туралы алғаш рет құқық қорғаушы Дина Смаилова айтқан-ды. 17 жастағы жігіт 15 жасар қызбен келісіп жүрген. Бұл туралы екі тараптың ата-анасы жақсы білген. Тіпті, үйден екі рет қашып кеткен кездері болған.

Екінші реттен кейін қыз баланың анасы полицияға шағым түсіріп, сот-медициналық сараптама жүргізді. Нәтижесінде олардың жыныстық қатынасқа түскені белгілі болды. Қоғам белсенділері дәл осы жағдайда жасөспірімдердің еш айыбы жоқ екенін айтып шырылдауда. Әлеуметтік желіде оларды Ромео мен Джульетта деп атап кеткен.