7 млрд теңгеге жөнделіп жатқан әуежайда жолаушы далада қалтырап жүр

0
172
Сурет: azattyq.org

Орал әуежайының терминалы 2019 жылы жазда реконструкцияға жабылған. Екі жылға созылған күрделі жөндеуден соң ғимаратты түгелдей бұзып, қайтадан салу керек деген шешім қабылданған. Инвестиция көлемі екі есе артқан ғимарат 2021 жылдың соңында пайдалануға берілмек. Ал жолаушылар әзірге рейсін тар бөлмеде немесе далада күтуге мәжбүр. Инвестиция көлемінің неге 2,4 млрд теңгеден 7 млрд-қа өскенін Азаттық тілшісі анықтап білді.

Оралдағы әуежай ғимаратын модернизациядан өткізу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келген: билік ескі терминалдың апатты жағдайда тұрғанын, халықаралық әуежай (Орал әуежайынан Мәскеу мен Франкфуртқа жолаушы рейстері ұшады) талаптарына сәйкес келмейтінін алға тартқан.

Терминал 2019 жылы жазда реконструкцияға жабылғаннан бері өзге қалаға ұшатын жолаушылар рейсін көрші тұрған шағын ғимаратта күтуге мәжбүр. Онда жолаушыға қолайлы жағдай жасалмаған. Жақында әуежай аумағына күту залының қызметін атқаратын, суықтан қорғайтын үш вагон қойылды. Ал түгелдей бұзылған ескі терминалдың орнына салынатын жаңа ғимарат құрылысы 2021 жылы қаңтарда басталмақ.

Орал әуежайынан түскен жолаушы әуелі терминалдың темір тақтайшамен қоршалған қара сұр түсті қаңқасын көреді. Ашық жасыл түсті кеудеше киген әуежай қызметкерлері ұшу алаңынан шығатын шағын қақпаға сілтейді. Оның ар жағында жолаушыны қарсы алуға келген жұрт пен такси жүргізушілер кезігеді.

Орал әуежайының ұшу алаңындағы жолаушылар мен әуежай қызметкері. 26 қазан 2020 жыл.
Орал әуежайының ұшу алаңындағы жолаушылар мен әуежай қызметкері. 26 қазан 2020 жыл.

Қазір сыры кете бастаған ағаш тақтайшамен қапталған ескі қосқабатты үй уақытша терминал қызметін атқарып тұр. Сыртынан қарағанда батыс фильмдеріндегі ковбойлар барына ұқсайды.

Орал әуежайынан кезекті рейс ұшатын кезде терминал ішінде адам көбейіп, қарбалас басталады. Кіреберісте тұрған әуежай қызметкері жолаушылардың қызуын өлшеп, әлеуметтік қашықтық сақтауды ескертеді. Жұрт бір-бірінен алыс тұруға тырысады. Сондықтан кезектің соңы ғимараттың сыртына дейін шығып, ішке сыймаған адамдар кіреберісте күтеді. Ұшаққа мінуге ыңғайланған халық дәл осы есік арқылы шығады. Мұндайда бірі ішке, бірі сыртқа ағылған нөпірдің арасында әлеуметтік қашықтықтың ізі де қалмайды.

Әуежай терминалында кезекте тұрған жолаушылар. Орал, 26 қазан 2020 жыл.
Әуежай терминалында кезекте тұрған жолаушылар. Орал, 26 қазан 2020 жыл.

Кезегі келген жолаушы терминалдағы екі тіркеу орнының біріне жақындап, ұшаққа отыру талонын алады. Әуежай қызметкерлерінің жолаушыға жылдам қызмет көрсетуге тырысып жатқаны байқалады.

Азаттық тілшісінің «Қалай үлгеріп жатырсыздар?» деген сұрағына тіркеу орнында жүк қабылдап тұрған қыз «Қазір үйреніп қалдық. Жағдайымыз аздап түзеле бастады. Осы ғимаратқа алғаш көшіп келген кезде өте қиын болды» деп жауап берді.

Тіркеу орнынан сәл әріде полиция қызметкері тұр. Ол «Кофені қайдан ішуге болады?» деген сұраққа біраз адам жиналып қалған екінші кіреберіске сілтеді. Көбі рейсін көшеде күтіп, ұшаққа терминал арқылы емес, ұшу алаңына өтетін қақпа арқылы кіреді.

Ұшақтан түскен жолаушылар. Орал, 26 қазан 2020 жыл.
Ұшақтан түскен жолаушылар. Орал, 26 қазан 2020 жыл.

Қазанның соңында билік көлемі тар уақытша терминал мәселесін шешуге тырысып, әуежай аумағына жолаушылар мен күтіп алушыларға арналған үш вагон орнатқан.

– Артық вагонға орын болмады, сондықтан үшеуін ғана қойдық. FlyArystan қыста түнгі сағат екі-үште ұшқысы келеді. Бұл уақытта қатты суық болады. Ұсынысымды ескеріп, әкімдік вагондарды қоюға көмектесті, – деді «Орал» халықаралық әуежайының директоры Хайретдин Рысқалиев.

Директордың айтуынша, қазір терминал сағатына 70 адамды өткізеді (ескі ғимаратта бір сағатта 200 адам өтетін). Оның үстіне, қазір терминал қызметін атқарып отырған ғимаратта күту залы жоқ. Рысқалиев осының бәрі қиындық туғызғанын мойындайды. Ол уақытша вагон мәселені түбегейлі шешпегенімен, біраз адамға жылы жерде отыруға мүмкіндік беретінін айтады.

Әуежай аумағына қойылған вагондарда рейсін күтіп отырған жолаушылар. Орал, 23 қараша 2020 жыл.
Әуежай аумағына қойылған вагондарда рейсін күтіп отырған жолаушылар. Орал, 23 қараша 2020 жыл.

Жолаушы Қайырбек Мұхтар (шын аты-жөнін айтқысы келмеді) рейс күтетін жердің тарлығы коронавирустың таралуына әсер етеді деп қауіптенеді.

– Өзім жиі ұшамын, Маңғыстау облысында вахтада істеймін. Ұшақты әлеуметтік қашықтық талабы сақталмайтын тар жерде күткім келмейді, сондықтан далада тұрамын. Әуежай ғимараты коронавирустың таралу ошағына айналуы мүмкін. Вагон қойғаны жақсы болды, бірақ ол жерде де кейде адам көп болады. Коронавируспен ауырып, жазылғандықтан, өзім үшін қорықпаймын, бірақ ұшаққа қарттар мен балалар көп мінеді. Билік бұл мәселені амалын тауып, шешсе болмай ма? – дейді ол.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің дерегінше, әуежайда коронавирусқа қарсы күреске қажет шараның бәрі қолға алынған: жолаушылардың қызуын өлшеп, маска тағуын қадағалайды; барлық жерде санитайзер бар, ал қызметкерлер арасында «санитарлық-ағарту шарасы» өтіп тұрады.

«КЕМШІЛІГІ КӨП» ТЕРМИНАЛ

Орал әуежайының ескі терминалы – ұшақ терезесінің стилінде жасалған дөңгелек әйнектері мен маңдайшасында «Қол келдіңіздер!» деген жазуы бар аласа ғимарат болатын. Кейде бұл жерде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баннері ілініп тұратын.

Орал әуежайының ескі ғимараты. 24 қазан 2014 жыл.
Орал әуежайының ескі ғимараты. 24 қазан 2014 жыл.

«Орал» халықаралық әуежайы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2018 жылғы реконструкцияға дейін бұл ғимаратты мемлекет иелігіне өткізген. Мұндай шешім қабылдауға әуежай әкімшілігінің жобаны қаржыландыруға жағдайы жетпейтінін айтуы себеп болған. «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы ғимараттың жаңа иегері атанған.

– Терминал ғимараты 1979 жылы салынған. Қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес, модернизация қажет болды. Ғимаратта күрделі жөндеу ешқашан жүргізілмеген. Терминал мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында сатып алынған. 2019 жылы ақпанда реконструкция жұмысы басталды, – дейді «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Артур Досқалиев.

Сол кездің өзінде ғимараттың реконструкциясын Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ кен орнын игерумен айналысатын ірі кәсіпорын – KPO b.v. консорциумы қаржыландырады деп шешілген. Қазақстан үкіметі мен KPO b.v консорциумы арасында жасалған өнімді бөлу туралы келісімге сәйкес, өңірдің әлеуметтік дамуына қаржыны инвестор бөлуі керек. Көбіне мұндай қаржыға мектеп, аурухана, спорт нысандары салынады. Бұл жолы билік өкілдері мұнай өндірісінен түскен ақша әуежайға жұмсалады деп шешкен.

Орал әуежайының ескі терминалы. 24 қазан 2014 жыл.
Орал әуежайының ескі терминалы. 24 қазан 2014 жыл.

Ескі ғимаратты реконструкциядан өткізу кезінде құрылысшылар «жасырын кемшіліктерді» анықтаған. Ал Батыс Қазақстан облысы әкімдігі әуежай ғимараты қазіргі құрылыс нормаларына сәйкес келмейді деп тапқан. 2020 жылы қарашаның ортасында облыс әкімі Ғали Есқалиев әуежай ғимаратынан біраз мәселе шыққанын, бетонның алғашқы қабаты мен іргетасы болмағаны анықталғанын мәлімдедіЕсқалиев ғимараттың 2021 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілетінін айтты.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Азаттыққа құрылыстың нақты мерзімі «мемлекеттік сараптама қорытындысы» берілгеннен кейін белгілі болатынын хабарлады. Реконструкцияға бөлінетін қаржы көлемі де сол кезде бекітіледі.

ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ 2,4 МИЛЛИАРДТАН ЖЕТІ МИЛЛИАРДҚА ДЕЙІН ӨСКЕН

«Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Артур Досқалиевтың айтуынша, бастапқы жобаға сай, реконструкция құны 2,4 миллиард теңге (5,6 миллион доллардан астам) болған. Бірақ әуежай ғимараты түгелдей сүріліп, жоба қайта қаралғаннан кейін инвестиция көлемі жеті миллиард теңгеге (шамамен 16,4 миллион доллар) дейін өскен. Досқалиев бұл – алдын ала есеп бойынша аталған қаржы екенін, жобаның нақты құны сараптамадан кейін бекітілетінін айтады.

– Бірінші жоба бойынша, негізгі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, жанына қосымша ғимарат салу ғана көзделген. Жаңа желілер тартып, IT шешімдер енгізу қызметі қарастырылған жоқ. Жоба халықаралық стандарттарға сәйкес келу үшін барынша қысқартылған. Реконструкция кезінде ғимараттың дұрыс салынбағаны, құжаттарға сәйкес келмейтіні анықталды. Біз жаңа құрылымдарды ілген кезде ескі ғимарат салмақты көтере алмай, қисая бастады. Басқа компанияны жалдап, сараптама жүргіздік. Сараптама қорытындысы бойынша, ескі ғимаратты сүріп тастау керек деген шешім қабылданды, – деді Артур Досқалиев.

Кейін жарамсыз деп танылған әуежай ғимаратын реконструкциялау жобасы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тегін берілген. Оған әуежайдың өзі тапсырыс берген. Бірақ кімге тапсырыс бергені әзірге белгісіз. Досқалиев қазір бұл компанияны лицензиядан айыру мәселесі қаралып жатқанын айтты.

– Былтыр маусымда ғимарат жөндеуге жабылған. Желтоқсанда іргетасының жарамсыз екені анықталды. Жөндеу жұмысы тоқтатылып, жаңа сараптама тағайындалды. Ол бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде ғимаратты бұзумен айналысты, – дейді Артур Доскалиев.

Оның сөзінше, қазір әуежай аумағында ешқандай жұмыс жүріп жатқан жоқ. Сараптама дайын болғаннан кейін құрылыс жұмысы басталады. Құжаттары желтоқсан айының соңына қарай дайын болмақ.

– Терминал құрылысының нормативті мерзімі – бір жарым жыл. Бірақ облыс әкімінің мәлімдемесінен кейін біз жұмыс мерзімін қысқартып, құрылысты келесі жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп шештік, – дейді Артур Досқалиев.

Орал әуежайының уақытша терминалы. 23 қараша 2020 жыл.
Орал әуежайының уақытша терминалы. 23 қараша 2020 жыл.

«Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жаңа жоба барлық стандарттарға сай болады, ал халықаралық рейстерге екінші қабат беріледі деп мәлімдеді. Одан бөлек, жаңа ғимаратқа Орал әуежайында бұрын-cоңды болмаған химиялық белсенді сұйық заттарға арналған құбыр орнату қарастырылған. Артур Досқалиевтің айтуынша, оны орнату мәселесі әлі түбегейлі шешілген жоқ, өйткені перрон әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына емес, «Орал» халықаралық әуежайы» компаниясына тиесілі.

Жобаның мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі әуежайдың жаңа ғимараты осы қызметпен айналысуға қажет барлық лицензияға ие компанияның сенімді басқаруына өтеді деп топшылайды. Досқалиевтың айтуынша, қазір өңірде бұл стандарттарға сәйкес келетін жалғыз ғана компания бар, ол –»Орал» халықаралық әуежайы». Дегенмен әуежай ғимараты басқа кәсіпорынның, оның ішінде шетелдік компанияның сенімді басқаруына өтуі де мүмкін. Қазір ұшу алаңы әуежайдың иелігінде емес. 2014 жылы ұшу алаңы дәл осындай жолмен мемлекет иелігіне берілген: әуежай басшылығы ұшу алаңын өз бетінше реконструкциядан өткізе алмаған. Қазір компания ұшу алаңын сенімді басқару негізінде пайдаланып отыр.