KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

"Жүрегімде әлі де махаббат бар": Мөлдір Мұқан маңызды мәлімдеме жасады

• Қайсар Қанат
Мөлдір Мұқан. Фото: instagram.com/moldir.mt

Мөлдір Мұқан Instagram парақшасында өзіне қолдау көрсетіп, жанынан табылған адамдарға алғыс айтты. Оның сөзінше, өмірінде қаншама қиындық кездессе де, болашаққа деген сенімі мен жаңа бастамаларға құлшынысы жоғалмаған.

"Рақметтен басқа айтарым жоқ. Ата-анам да білген жоқ қой, өздерінің жасаған жақсылықтарының арқасында кейін балалары осылай шалқып жүретінін. Сол сияқты, айналамдағы жақсы жандарым, сіздердің жақсылықтарыңызды мен қайтара алмасам да, ұрпағыңызға Жаратушының жасап қойған жақсылықтары молынан деп сенемін", – деп жазды продюсер.

Өнер иесі алдағы өміріне үмітпен қарайтынын айтып, жүрегінде әлі де көптеген арман мен мақсат барын жеткізді.

"Иә, мен әлемге ашықпын. Өйткені менің жүрегімде әлі де қаншама арман, қаншама махаббат, қаншама әдемі бастамалар бар!" – деді Мөлдір Мұқан.

Продюсер жазбасында ата-анасының тәрбиесі мен бала күніндегі естеліктеріне де тоқталған. Оның айтуынша, бала кезінде үйлерінен қонақ үзілмеген. Әкесі мен анасы қызметте жүрсе де, ауылдағы тіршілік пен қонақ күтуді қатар алып жүрген.

"Өмір, мен саған ғашықпын! Бала кезімде үйімізден қонақ үзілмеуші еді. Екі күннің бірінде қой сойылып, меймандарға бас тартылып, ет асылып жататын", – деп еске алды ол.

Мөлдір Мұқан он жасынан бастап анасына дастархан жаюға, үй шаруасына көмектескенін айтты. Қазір сол кездері ата-анасының қонақтарға көрсеткен сый-құрметін өзіне жасалып жатқан жақсылықтардан байқайтынын жеткізді.

"Қазір сондай сыйлы мейманның орнында өзім жүрген екенмін. Төрден орын беріп, сый-сияпатымен қарсы алып жатқан жақсылар өте көп екен айналамда", – деп жазды әнші.

Еске сала кетейік, Мөлдір Мұқан жаңа баспанасындағы жөндеу жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көрсеткен.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →