Оқиға Бірлесу-Еңбек ауылындағы клуб маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 11-сынып оқушысы 9-сыныпта оқитын баланың кеуде тұсынан бірнеше рет ұрған.
Жамбыл облысында 14 жастағы жасөспірім қатарласынан соққы алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазір ол екі тәуліктен бері медикаментозды комада жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиғадан кейін жасөспірімді сенбі күні кешке аудандық ауруханаға жеткізген. Куәгерлердің айтуынша, оны медициналық мекемеге басқа оқушылар алып келген. Ауруханаға түскен кезде баланың жүрегі тоқтап қалған. Дәрігерлер жедел көмек көрсетіп, жүрек соғысын қайта қалпына келтіргенімен, ол әлі есін жимаған.
Қазіргі уақытта жасөспірім өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Денсаулығы тұрақсыз болғандықтан, әзірге оны қаладағы медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмай тұр.
Полиция оқиғаға қатысы бар балалардың барлығы ұсталғанын мәлімдеді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның өзге мән-жайы анықталуда.