АҚШ-тың Флорида штатында апатқа ұшыраған жеке ұшақтың бортында америкалық кәсіпкер Адам Робинсон, оның әйелі мен екі кішкентай баласы болған. Сондай-ақ әуе апатынан экипаж мүшелері мен отбасының жақын достары қаза тапты, деп хабарлайды kznews.kz.
АҚШ-тың Флорида штатында апатқа ұшыраған жеке ұшақтың бортында америкалық кәсіпкер Адам Робинсон, оның әйелі мен екі кішкентай баласы болған. Сондай-ақ әуе апатынан экипаж мүшелері мен отбасының жақын достары қаза тапты, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 1 қарашада Флорида штатындағы Уэст-Палм-Бич қаласының маңында болған. Learjet жеке бизнес-джеті Техас штатындағы Остин қаласынан ұшып шығып, Багам аралдарына бағыт алған.
Ұшақта кімдер болған?
Апаттан қаза тапқандардың арасында технология саласында кәсіпкерлікпен айналысқан 44 жастағы Адам Робинсон бар. Ол Retention.com компаниясының негізін қалаушы әрі Robly платформасының тең құрылтайшысы болған.
Кәсіпкермен бірге оның әйелі Хелен Шарп, төрт жастағы қызы Эмма және екі жастағы ұлы Чарли де ұшақта болған.
Сондай-ақ бортта балалардың күтушісі Анита Мария Сетина, отбасының таныстары Рэйчел Рид пен Чарми Фер болған. Ұшақты басқарған екі ұшқыш та қаза тапты. Барлығы тоғыз адам болған, тірі қалғандар жоқ.
Адам Робинсон бұған дейін Lehman Brothers және Barclays Capital қаржы компанияларында жұмыс істеген. Соңғы жылдары отбасымен бірге Колорадо штатындағы Аспен қаласында тұрған.
Кәсіпкер қайтыс боларынан аз уақыт бұрын подкасттардың бірінде отбасылық өміріне риза екенін айтқан. Балаларымен таңертең және кешке бірге уақыт өткізетінін, іссапарға сирек шығатынын және өзі армандаған жерде тұрып жатқанын жеткізген.
20 жастағы екінші ұшқыш та қаза тапты
Апатқа ұшыраған Learjet ұшағының екінші ұшқышы 20 жастағы Наталия Гаделья Фильгейрас болған. Ол Флоридада бразилиялық тамыры бар отбасында өскен. Бала кезінен авиацияға қызығып, ұшқыш болуды армандаған.
Наталия 17 жасында мектептегі авиациялық бағдарлама арқылы жеке ұшқыш лицензиясын алған. Ол ұшақ басқаруды жүргізуші куәлігін алғанға дейін меңгерген.
Кейін коммерциялық ұшқыш лицензиясын алып, авиация саласында жұмыс істей бастаған. Өгей әкесінің айтуынша, апат болған кезде оның ұшу тәжірибесі шамамен 1300 сағатқа жеткен. Қыз жолаушылар ұшағының ұшқышы болуды армандаған. Алдағы қаңтарда 21 жасқа толуы керек еді.
Ұшақтың командирі 55 жастағы Джефф Грегори болған. Оның қаза тапқанын бұрынғы әріптестері растаған.
Апат алдында не болған?
Әуе апатының алдында экипаж диспетчерлерге ұшақтың мұз басып, қатты турбуленттілікке тап болғанын хабарлаған. Ұшқыштар биіктікті жоғарылатуға рұқсат сұрағанымен, көп ұзамай ұшақ күрт төмендей бастаған.
Радиобайланыс кезінде экипаж Mayday апат сигналын берген. Ұшақ минутына 20 мың футқа дейін биіктігін жоғалтып бара жатқанын хабарлаған. Кейін жермен соқтығысу қаупі бар екенін ескерткен.
Осыдан кейін Learjet ұшағы Гринакрес қаласындағы тұрғын үйлер орналасқан аумаққа жақын жерге құлап, жарылған. Оқиға орнында үлкен шұңқыр пайда болған.
Қазір АҚШ мамандары әуе апатының нақты себебін анықтап жатыр.