«Мухоряпов қалтасына сенген сияқты»
– Бұл жайтты қалай бағаладыңыз? – Өте келеңсіз жағдай болды. Бүкіл әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарының барлығы Мухоряповтың сөзіне қарсылық танытты. Ол өзі тұрған елдің мемлекеттік тілін мұқатып, келемеждеп сөйледі. Мұндай жағдайлар соңғы кезде жиі байқалып жүр. Бұл – жаман тенденция. Қазіргі уақытта оның алдын алу өте қиын. Қандай да бір заңды күшейтіп, оған тосқауыл қоямын дегеннің өзінде бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Бірін тыйсаң, бірі сөйлеп жатады. Мухоряповты да бұл сөзді айтар кезде байқамай қалды деп ойламаймын. «Мен – қалталымын» деген ойды миына құйып алып, өзінің күшін көрсеткісі келген сияқты. Сондықтан оны әлеуметтік желілерде қысып, талап етіп жатқан адамдарды мен жақтаймын. Ол кешірімді айтқан сөзі саяси астар алып кеткеннен кейін ғана сұрады.
«Шалақазақ әріптестерім ұялып қалады»
– Сіз айтқан «шалақазақтардан» бөлек, өзіңіздің әріптестеріңіздің арасында да мемлекеттік тілді білмейтіндер бар. Оған не дейсіз? – Олардың арасында өзге ұлт өкілдері бар ғой. Ал қазақтарға келсек, олар сөйлемесе де, толықтай түсінеді. Мүмкін өздерінің шыққан ортасы орыстілді болған шығар. – Шындап кіріссе, үйреніп алуға болады... – Әрине, шындап кіріссе, үйрене алады. Мен 99 пайыз қазақша сөйлейтін ортада өсіп, орыс тілін қажет болғасын осында үйрендім. Мүмкін оларға сол орталарында қажеттілік болмаған шығар. Қазір үйренуге тырысып жатқандар бар. Мысалы, қазақша тамаша сөйлейтін Наталья Дементьева мен беларусь қызы Снежанна Имашеваны алайық. Олар сөйлеген кезде кейбір әріптестерім ұялып қалады. Жалпы, бізде қазақ тілін үйренем дегендерге арнайы үйірме бар.
«Жоғары жақ» туралы
– Сіздер тілдің мәртебесін көтеру мақсатында заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс айта аласыздар ғой? – Иә, айта аламыз. Мысалы, «депутаттық ынта» деген бар. Бірақ қазір «Тіл туралы» заңның аясы кеңейген. Оны ешкім мұқалтып жатқан жоқ. Тілдің дамуына бүкіл мүмкіншіліктер жасалған. Тек сол толыққанды қолданылмай жатыр ғой. Біз өзге тілді кемсітпей, өз тіліміздің дамуы үшін мүмкіншілік жасадық. Әрі қарай оны жүзеге асырып әкету жоғары жақтағыларға байланысты.