“Ноталық сауаты жоқ”: Марат Омаров Нұрлан Өнербаевқа өкпелі
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жетісудағы 1622 күн: Бейбіт Исабаевқа қаржылық дербестік қалыптастыруға не кедергі?

Жетісудағы 1622 күн: Бейбіт Исабаевқа қаржылық дербестік қалыптастыруға не кедергі?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Жетісу облысының жеке өңір ретінде құрылғанына төрт жылдан асса да, аймақтың қаржылық дербестігі мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. Бір қарағанда, өңірде ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, көлік-логистиканы және туризмді дамытуға мүмкіндік жеткілікті көрінеді. Алайда, осы әлеует жергілікті бюджеттің тұрақты кірісіне айналып отырған жоқ. Яғни, облыстың қазіргі бюджет құрылымы бұл сұраққа көңіл көншітетіндей жауап бере алмай тұр.

Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, биылғы 18 - қыркүйектегі нақтыланған бюджет бойынша Жетісу облысының кірістері 476,3 млрд теңге болып бекітілген. Оның 430,9 млрд теңгесі трансферттерге тиесілі екен. Яғни, бюджет кірісінің 90,5 пайызы республикалық және басқа да төмен тұрған бюджеттерден түсетін қаражат есебінен қалыптасады. Бұл жердегі тікелей республикалық бюджеттен түсетін трансферттердің үлесі 84,2 пайызды құрайды. Ал салық түсімдері 35,3 млрд теңге, салықтық емес түсімдер 9,2 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

Осы деректердің өзі облыстың өз кірісіне қарағанда орталықтан бөлінетін қаржыға көбірек сүйенетінін көрсетеді. Әсіресе, республикалық бюджеттен берілетін 381,9 млрд теңге субвенция облыс кірісінің шамамен 80 пайызын құрайды.

Әрине, субвенция алу өңір экономикасының әлсіздігін ғана білдірмейді. Қазақстандағы бюджетаралық қатынастар жүйесі аймақтардың кіріс әлеуеті мен шығыс міндеттемелерінің айырмашылығын теңестіруге бағытталған. Халық саны, әлеуметтік инфрақұрылым, географиялық ерекшелік пен мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз ету шығындары да ескеріледі. Дегенмен, республикалық бюджетке ұзақ мерзімді тәуелділік жергілікті экономиканың өздігінен даму қабілетін арттыруға мүмкіндік бермейтінін де ескеруіміз керек. Бұл, әсіресе, облыс әкімдерінің атқарушылық қабілетінің қаншалықты дәрежеде екенін де білдіреді.

Жалпы, Жетісу облысының экономикалық құрылымына қарасақ, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік-логистика, туризм және өнеркәсіп салаларының даму мүмкіндігі зор. Аймақтың Қытаймен шекаралас орналасуы, "Достық" теміржол өткелі мен транзиттік әлеуеті де өңірге қосымша артықшылық береді. Ал Алакөл мен Балқаш жағалауындағы туризмнің дамуына қатысты сөз мүлдем бөлек.

Бірақ, осы мүмкіндіктердің барлығы жергілікті бюджетке түсетін тұрақты салық түсіміне айналып отырмағаны өкінішті. Мұны өткен кезеңдердегі деректерді талдау барысында байқаймыз. Мәселен, 2024 жылы облыс бюджетінің нақтыланған көлемі 568,1 млрд теңге болған. Оның 96,8 млрд теңгесі меншікті кірістерге, 424,2 млрд теңгесі трансферттерге тиесілі еді. 2025 жылы бюджет кірістері 543,2 млрд теңге көлемінде орындалып, меншікті кірістер 75,9 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылғы нақтыланған жоспарда салықтық және салықтық емес түсімдердің жиынтығы 44,5 млрд теңге шамасында ғана қарастырылған. Рас, бұл сандардың жоспарлануы мен нақты орындалудағы айырмашылығына үңілу керек, дегенмен облыстың өзіндік кіріс көздерін кеңейту мәселесі әлі де өзекті екені байқалады.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы бюджет шығыстары 482,3 млрд теңге болып бекітілген. Таза бюджеттік кредиттеу мен өзге де қаржылық операцияларды ескергендегі ресми бюджет тапшылығы 63,5 млрд теңгені құрайды екен. Оны қаржыландыру үшін 68 млрд теңге көлемінде қарыз алу жоспарланған. Бұрынғы қарыздарды өтеуге де 9,36 млрд теңге қарастырылған.

Екіншіден, бюджеттің тиімділігі оның көлемімен ғана өлшенбейді. 2025 жылы облыстық бюджет шығыстарының орындалуы 98,1 пайыз болғанымен, 11,4 млрд теңге игерілмей қалған. Қаражаттың толық пайдаланылмауына республикалық бюджеттен кредиттік қаржының уақытылы түспеуі, орындалған жұмыс актілерінің болмауы, мердігерлермен сот даулары және мемлекеттік сатып алу кезіндегі үнем себеп болған көрінеді.

Әділетті болу үшін айтайық, Жетісу облысының экономикалық әлеуеті мүлдем әлсіз деуге негіз жоқ. Керісінше, өнеркәсіп өндірісінің өсімі айтарлықтай екен. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 363,6 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,8 пайызға артқан.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 31,5 пайызды, тау-кен өндірісіндегі өсім 44,8 пайызды құраған. Бұл өңір экономикасы үшін оң көрсеткіштер. Бірақ, өнеркәсіп өндірісіндегі өсімнің жергілікті халықтың табысы мен жұмыспен қамтылуына қаншалықты ықпал етіп отырғанына да назар аудару керек.

Жалпы, республикалық бюджеттен берілетін қаржылық қолдауға "жатып алу" Жетісу облысындағы әлеуметтік картинаға да тікелей әсер етеді. Бұл жерде аймақтағы жұмыспен қамту, айлық табыс және демографиялық ахуал туралы сөз қозғау ләзім.

Статистика бойынша, Жетісуда осы жылдың екінші тоқсанындағы жұмыссыздар саны 14 138 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз болған. Ал 1 - қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 16 809 адамға жеткен.

Облыс әкімдігі 2026 жылы 19 200 жұмыс орнын ашуды жоспарлаған. Оның ішінде 11 837 орын тұрақты жұмыс болуға тиіс екен. Ал 1 - шілдеге дейін 11 403 жұмыс орны құрылғанымен, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының саны 5 595 болған. Бұл тұрақты жұмыспен қамту жоспарының 47,3 пайызы ғана орындалғанын көрсетеді.

Әрине, жұмыссыздықтың ресми деңгейі 4,6 пайыз болуы еңбек нарығындағы жағдайды толық бағалауға мүмкіндік бермейді. Жұмыс орындарының саны ғана емес, олардың тұрақтылығы, жалақы мөлшері және кәсіби өсу мүмкіндігі де маңызды болып отыр.

Мұның ар жағынан халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы туралы мәліметтер қылтияды . 

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биылғы екінші тоқсанда Жетісу облысындағы орташа айлық атаулы жалақы 377 798 теңгені құрады. Бір жылда бұл көрсеткіш 9,1 пайызға өскен. Алайда, жалақының номиналды өсуі тұрғындардың сатып алу қабілеті артты дегенді білдірмейді екен. Бұған нақты жалақы индексі дәлел. Екінші тоқсанда Жетісу облысындағы нақты жалақы индексі 95,2 пайыз болған. Яғни, инфляцияны есепке алғанда, нақты жалақы бір жылда 4,8 пайызға төмендеген. Республикалық көрсеткішпен салыстырғанда да жағдай көңіл көншітпейді. Тұтас ел бойынша осы кезеңдегі орташа айлық жалақы 486 388 теңгені құраған. Демек, Жетісу облысындағы орташа жалақы елдік деңгейден 108,6 мың теңгеге төмен.

Тағы бір назар аударатын көрсеткіш ретінде халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысын алған дұрыс. Биылғы екінші тоқсанда Жетісу облысында бұл көрсеткіш айына 180 101 теңге болған. Ал республикалық орташа көрсеткіш 263 691 теңгені құраған. Демек, облыс тұрғындарының жан басына шаққандағы табысы елдік деңгейден шамамен 32 пайызға төмен болып отыр. Оның үстіне, өңірдегі нақты ақшалай табыс индексі 93,8 пайыз болған. Бұл халықтың инфляцияны ескергендегі нақты табысы бір жылда 6,2 пайызға азайғанын көрсетеді. Осы деректерге қарап, облыста жалақының өсуі халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға жеткілікті болмай отырғанын байқауға болады. Бұл өңірдің әлеуметтік картинасына қатысты екінші түйткіл.

Үшіншіден, өңірдегі демографиялық өсімге көші-қонның кері әсер етіп отырғаны туралы дерек бар. Яғни, Жетісуда халық саны табиғи өсім есебінен көбейгенімен, еңбекке қабілетті тұрғындардың басқа облыстарға қоныс аударуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы түйткілдерді аңғартады. Ал орташа жалақының төмендігі мен ауылдық жерлердегі жұмыс орындарының тапшылығы бұл мәселені одан әрі күрделендіруі мүмкін.

Биылғы 1 - қыркүйектегі мәлімет бойынша, облыс халқы шамамен 683 мың адамды құраған. Оның 368 мыңға жуығы ауылдық жерлерде, 315 мыңға жуығы қалаларда тұрады. Яғни, өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық аумақтарды мекендейді.

Жалпы, Жетісу облысындағы демографиялық жағдай бір қарағанда оң көрінеді. Яғни, табиғи өсім сақталып отыр. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңірде 6 431 сәби дүниеге келіп, 3 265 адам қайтыс болған. Нәтижесінде табиғи өсім 3 166 адамды құрады.

Алайда, осы оң көрсеткіштің тасасында алаңдатарлық жағдай бар. Сол сегіз айда облыстың көші-қон сальдосы минус 8 057 адамға жеткен. Оның ішінде ішкі көші-қон бойынша шығын 8 447 адам болса, сыртқы көші-қонның оң сальдосы 390 адамды құраған.

Басқаша айтқанда, облыста дүниеге келгендер мен қайтыс болғандар арасындағы айырмашылық оң болғанымен, басқа өңірлерге қоныс аударған тұрғындардың есебінен демографиялық өсім әлсіреп отыр.

Тоқетерін айтқанда, Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалағанда бюджет көлемі, инвестиция тарту немесе өнеркәсіп өндірісінің өсуі ғана емес, ең алдымен халықтың тұрмыс деңгейіне назар аудару қажет. Өйткені, өңір дамуының шынайы нәтижесі тұрғындардың табысынан, тұрақты жұмыспен қамтылуынан және адамдардың туған жерінде қалуға деген мүмкіндігінен де көрінеді. Ал бұл тұрғыда облыстың қазіргі әкімі Бейбіт Исабаев пен оның командасына аймақтың қаржылық дербестігін қалыптастыруға не кедергі болып отырғанын ашық түсіндіруге тура келеді.

Айтпақшы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бұл қызметті атқарғанына дәл бүгінгі сәтте 1622 күн болды. Яғни, Исабаев Қазақстандағы әкімдер корпусының қазіргі құрамындағы ең ұзақ әкім болған саяси тұлға ретінде де тізімнің көшін бастап тұр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.