Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқыс оқиға 16 қарашада түскі уақытта болған. Оқушы мектептің үшінші қабатындағы баспалдақ қоршауынан құлап, басынан ауыр жарақат алған.
Алматы облысының Қонаев қаласында мектеп-гимназияның үшінші қабатынан құлап, ауыр жарақат алған алтыншы сынып оқушысы қайтыс болды. Дәрігерлер баланың өмірін сақтап қалу үшін ота жасағанымен, аман алып қала алмады, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, бала дереу ауруханаға жеткізілген.
17 қарашада оған хирургиялық ота жасалған. Алайда 18 қараша күні таңертең оқушы ауруханада көз жұмды.
Білім бөлімінің хабарлауынша, мектептегі 200-ден астам бейнебақылау камерасының бірі оқиға сәтін түсіріп алған. Ведомство таратқан мәліметке сәйкес, бейнежазбада баланың жалғыз болғаны және баспалдақ қоршауымен сырғанауға әрекеттенгені көрінеді. Сондай-ақ кадрлардан өзге адамдардың оны ұрғаны немесе итергені байқалмаған.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның өзге де мән-жайы мен мектептегі қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты толық ақпарат жарияланған жоқ.