Қазақ эстрадасының белгілі композиторы, әнші Марат Омаров халықтың жүрегінен орын алған "Анашым" әнінің жазылу тарихын айтып берді. Оның сөзінше, бұл туындыны алғашында Мақпал Жүнісованың орындауына беру жоспарланған. Алайда күтпеген жағдайдан кейін ән Нұрлан Өнербаевқа бұйырып, көпшілікке кеңінен танылды.
Қырық жылға жуық уақыттан бері қазақ тыңдарманының сүйікті шығармаларының біріне айналған "Анашым" әнінің дүниеге келуіне композитордың жеке өміріндегі оқиға себеп болған.
Марат Омаров NUR.KZ басылымына берген сұхбатында шығарманың қалай жазылғанын, оның алғашқы орындаушысы кім болуы керек екенін және әннің тағдырын өзгерткен кездейсоқ кездесуді еске алған.
"Анамды көремін деп келгенде, мені таба алмапты"
Марат Омаров бір жасқа толғанда әкесінен айырылған. Болашақ композиторды анасы Сұлухан жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген. Әншінің сөзінше, бала кезінде Шәмші Қалдаяқовтың ана тақырыбындағы шығармасын тыңдап, өзі де бір күні анасына арнап ән жазуды армандаған. Алайда бұл арманының орындалуына 1985 жылы болған бір оқиға түрткі болыпты.
Сол жылы студент Марат Омаров кино түсіріліміне қатысуға кеткен кезде анасы Сұлухан алыстағы ауылдан Алматыға арнайы келген. Ұлын көптен бері көрмеген анасы онымен кездесуді қалағанымен, Маратты жатақханадан таба алмаған. Сондықтан ауылдан әкелген дәмін, азын-аулақ ақшасын және ұлына арналған хатын қалдырып кеткен.
"Балам-ай, ең болмаса әкең сенің басыңнан сипамады, соны көрмей кетті. Әкеңнің маңдайыңнан сипағанын сен де сезбедің. Мен де сонау алыс ауылдан өзіңді көремін ғой деп келгенімде, таппай кетіп бара жатырмын. Хабарлассаңшы, балам. Көп болды ғой көрмегелі, сені сағындым ғой", – деп жазыпты хатта анасы.
Анасының сағынышқа толы сөздері жас композиторға ерекше әсер еткен. Марат Омаров сол түні көз іле алмай, анасына деген махаббаты мен сағынышын ән арқылы жеткізуді ұйғарған.
"Анашым" әні қалай дүниеге келді?
Композитордың айтуынша, анасының хатын оқығаннан кейін ол алдымен домбырасын қолға алып, кейін күйсандыққа отырған. Оның ойында қазақ даласының кеңдігіндей шексіз ана махаббатын әуенге айналдыру мақсаты болған. Сол түні болашақ әннің әуені пайда болғанымен, оған лайық сөз табу оңайға соқпаған.
Марат Омаров бірнеше ақынға барып, шығарманың идеясын түсіндірген. Ақырында белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевке жолыққан.
"Сол түні домбыраны біраз дыңғырлаттым да, кейін күйсандыққа барып отырдым. Қазақтың даласы қандай кең болса, сондай етіп анамды жырлап өтсем деп ниет қылдым. Соны халыққа қалай жеткізсем екен, "өзім өнерпаз бола тұра, анама бір ән жаза алмаймын ба?" дедім де өлең жолдарымен идеясын келтіріп қойдым. Сол кезде ана туралы әуен туды. Одан кейін ана ақынға, мына ақынға бардым, олар анда-мында жіберді. Сөйтіп телевизияда істейтін Құсман, Еңлікхан, Жүрсін Ерман деген кісілерге бардым. Олар мені Қайрат Жұмағалиев деген ақынға жіберді. "Оның да анасы бар, ол да сен сияқты әкесіз өскен, өмірбаяндарың ұқсас. Сол саған жазып береді" деді әлгі жерде. Ол кісінің анасы да 94 жаста екен. Қайрат аға бірден келісті.
– Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды.
Анасы бар адамдар
Ешқашан қартаймайды..." деп бірден жазып берді. Бұл әннің кейіпкері – өзімнің анам", – дейді Марат Омаров.
Осылайша, Марат Омаровтың анасына деген сағынышынан туған әуен Қайрат Жұмағалиевтің өлеңімен толыққан. Кейін бұл туынды қазақ музыкасының кеңінен танылған шығармаларының біріне айналды.
Неліктен "Анашым" әнін Мақпал Жүнісова орындамаған?
Марат Омаров алғашында әнді жақындарының арасында гитарамен орындап жүрген. Кейін шығарманы үлкен сахнаға шығару үшін оны белгілі әнші Мақпал Жүнісоваға беруді жоспарлаған. Оның айтуынша, мұндай шешімге Мақпал Жүнісованың өмір жолы да әсер еткен. Әнші де әкесінен ерте айырылып, анасының тәрбиесінде өскендіктен, композитор әннің мазмұны оның тағдырына жақын болады деп ойлаған.
Сол кезеңде Мақпал Жүнісова "Гүлдер" ансамблінде өнер көрсетіп, халыққа таныла бастаған еді. Композитор әннің нотасын дайындап, оны Мақпалдың орындауына ұсынуды көздеген. Алайда туындының тағдыры бір отырыстан кейін мүлде басқа арнаға бұрылған.
Нұрлан Өнербаев "Анашым" әнін қалай орындап кетті?
Марат Омаровтың естелігінше, бір күні ол достарымен бірге сауық кешіне қатысқан. Сол жерде жақын досы, актриса Лидия Кәденованың жолдасы Ермек Әуелбековпен бірге "Анашым" әнін гитарамен орындаған.
Кешке Нұрлан Өнербаев та жұбайы Жаннамен бірге келген. Әнді тыңдаған Нұрлан Өнербаев шығарманы ұнатып, келесі күні әйелі арқылы орындауға рұқсат сұраған.
"Ол кезде "Гүлдер" ансамблінде Мақпал Жүнісованың атағы шығып жүрген еді. Мақпалдың да тағдыры сондай екен, әкесі ерте кетіп, анасы тәрбиелеген. Нотасын қағазға түсіріп, Мақпалға дайындап жатқанбыз. Соны күтіп жүргенмін. Бір күні замандастармен сауық-кешке бардық. Лидия Кәденованың жолдасы Ермек Әуелбеков менің досым болатын. Сол екеуміз "Анашым" әнін гитарамен орындадық. Бір кезде Нұрлан Өнербаев әйелі Жаннамен сол кешке келді. Бәріміз қатарласпыз, жерлеспіз. Сол кезде Нұрлан Өнербаев ұнатып қалған болуы керек, ертеңінде әйелі арқылы менен сол әнді сұрапты. "Марат, Нұрланды "Тамаша" ойын-сауық отауына шақырып жатыр. Бірақ орындайтын әні жоқ. Сенің "Анашым" атты әніңді Нұрлан орындаса, қалай қарайсың?" дейді. Сөйтіп Нұрланға гитарамен қалай орындау керектігін үйретіп, рұқсатымды бердім. Одан кейін екі-үш күн өтпей "Жапырағын жайған бәйтерек..." деп басталатын "Әке арманы" атты әнімді сұрап алды. Сол кезде Нұрлан Өнербаевтың аты дүркіреп кетті. Сол сәттен бастап "Анашым" әні халықың жүрегінен орын алды", – дейді автор.
Осы кездесуден кейін "Анашым" әнінің орындаушысы ретінде Нұрлан Өнербаев танылды. Көп ұзамай ол Марат Омаровтың "Әке арманы" шығармасын да репертуарына қосқан. Композитордың айтуынша, осы екі ән Нұрлан Өнербаевтың өнердегі танымалдығын арттыруға ықпал еткен. Ал "Анашым" әні ел арасында кеңінен тарап, аналарға арналған ең танымал шығармалардың біріне айналды.
"Әнді жазған адамды 50-60 жаста деп ойлаған"
Марат Омаров "Анашым" әні елге тараған кезде өзінің небәрі 25 жаста болғанын да еске алды. Композитордың айтуынша, шығарманың мазмұны мен тереңдігіне қарап, көпшілік оның авторын жасы үлкен, өмірлік тәжірибесі мол адам деп ойлаған. Ал жас сазгер алғашында өзінің осындай танымал әнді жазғанын айтуға ұялып жүрген.
"Ән халық арасында тараған кезде, елдің бәрі бұл әнді жазған композитор 50-60 жаста деп ойлапты. Сол кезде мен өзімді композитормын деп айтуға ұялатынмын, 25 жастамын. Кейін көркемдік кеңеске шақырып, қаламақымды беріп, Сейдолла Бәйтереков ағамыз мақтап, Әсет Бейсеуов ағам батасын берген еді", – дейді сазгер.
Оның айтуынша, шығармашылық жолының алғашқы кезеңінде белгілі композиторлардан алған қолдау мен бата өзіне үлкен жігер берген.