Оның жазуынша, 2026 жылғы 17 қарашада сот №57 мекеме әкімшілігінің өтінішін қараған. Мекеме басшылығы сотталған Кәрім Көкірекбаевты Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес ауыр науқасына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босатуды сұраған. Сот бұл өтінішті қанағаттандырған.
Дегенмен, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Прокуратура шешімге қарсылық білдіріп, оны жою туралы жеке өтінішхат түсірген.
Кәрім Көкірекбаев 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жазасының төрт жылға жуық уақытын өтеген.
Экс-әкім қандай іс бойынша сотталды?
Кәрім Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында «Bazis Construction INFR» компаниясының басшысы Андрей Поплавскийден пара алды деген күдікпен ұсталған. Қылмыстық іске оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев та қатысы бар деп танылған.
Тергеу нұсқасы бойынша, мердігер компания өкілдері Қорғас өзеніндегі қорғаныс нысандарының құрылысына қатысты орындалмаған жұмыстарды қабылдау актілеріне қол қою үшін экс-әкімге 396 миллион теңге берген. Мемлекетке келтірілген шығын 1,987 миллиард теңгеге бағаланған.
2024 жылдың маусымында алқабилер соты Көкірекбаевты ақтаған. Алайда апелляциялық сот бұл үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген.
2025 жылдың шілдесінде сот бұрынғы әкімді кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Ал оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер компания өкілі Андрей Поплавский 11 жылға сотталды. Үшеуіне де мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды.
Кәрім Көкірекбаев 2013–2018 жылдары Жамбыл облысын басқарған. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясында басшылық қызметтер атқарып, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болған. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған.