Сүйінші: Маңғыстауда бір жыл бұрын үш баласынан айырылған 51 жастағы әйел сәби сүйді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
askar.altai@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Ақша шетелге кетіп жатыр, ал зауыттар тапсырыссыз тұр»: Құрылтайда отандық өндірісті қолдау мәселесі көтерілді

«Ақша шетелге кетіп жатыр, ал зауыттар тапсырыссыз тұр»: Құрылтайда отандық өндірісті қолдау мәселесі көтерілді
ашық дереккөз

Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің үлесі артқанымен, отандық кәсіпорындар әлі де тапсырыс тапшылығын көріп отыр. Құрылтай депутаты Дания Еспаева мемлекеттік қолдау тетіктері өндірушілердің нақты мәселелерін шеше алмай отырғанын айтып, Үкімет пен ұлттық холдингтердің жұмысына сын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Отандық өндіріс статистикада ғана өсіп жатыр ма?

Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы өңдеу өнеркәсібінің өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 49 пайызға жеткен. Ақшалай көлемі – 30,7 трлн теңге. Бұл тау-кен өндірісінің көрсеткішінен 4,7 пайызға жоғары. Тау-кен саласының өндіріс көлемі 27,8 трлн теңге болған.

Алайда Дания Еспаеваның пікірінше, бұл көрсеткіштер өндіріс саласындағы жүйелі мәселелерді толық көрсетпейді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар өздеріне белгіленген көрсеткіштерді орындауға басымдық беріп, салалар арасындағы байланысты, ішкі сұранысты және кәсіпорындарға қолжетімді қаржыландыруды дамыту мәселесі назардан тыс қалып отыр.

Депутат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тауар өндірушілер тізілімі мен жобалар пулын қалыптастыру жөніндегі жұмысына да күмән келтірді.

«Отандық зауыттар ұзақмерзімді тапсырыс пен негізгі шикізатқа қол жеткізе алмай отырса, тауар өндірушілер тізілімінің экономикаға қандай нақты пайдасы бар? Ол бұрауышпен құрастыру мен терең өңдеуді әлі күнге дейін ажырата алмайды», – деді ол.

Мемлекеттік сатып алуда отандық өнімнің үлесі аз

Дания Еспаева мұнай-газ және тау-кен салаларындағы мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық тауарлардың үлесі төмен екенін айтты.

Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдықта мұнай-газ секторындағы отандық өнімнің үлесі небәрі 21,3 пайыз болған. Ал қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялардың қазақстандық өнімді сатып алу көрсеткіші 17 пайызды ғана құраған.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан арматура, сорғы, кабель және химиялық реагенттер сияқты өзімізде өндіруге болатын тауарларды әлі күнге дейін шетелден сатып алып келеді.

Осыған ұқсас жағдай ауыл шаруашылығында да байқалады. Ауыл шаруашылығы министрлігі өнім көлемі мен шаруаларға берілетін субсидиялар туралы есеп бергенімен, елімізде агрохимия, жоғары деңгейде өңделген қаптама материалдары және толық өндірістік циклмен шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасы жеткіліксіз.

«Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерекке» сын айтылды

Мәжіліс депутаты «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингтерінің жұмысын да сынға алды.

Оның пікірінше, «Самұрық-Қазына» жүзеге асырған импортты алмастыру бағдарламасы отандық өндірушілердің дамуына күткен нәтижені бере алмаған.

«Неге жеке кәсіпкерлер сатып алу рәсімдерінің күрделі жүйесінен жылдар бойы өте алмайды? Неге түсініксіз бас тартуларға тап болады? Офтейк-келісімшарттар тетігі ұзақмерзімді тапсырыстың орнына корпоративтік көрсеткіштерді орындауға арналған қысқамерзімді шарттармен алмастырылып отыр?», – деп сұрады депутат.

Ал «Бәйтерек» арқылы берілетін жеңілдетілген несиелер де кәсіпкерлерге қолжетімді емес. Себебі жобаларды іріктеу талаптары тым жоғары, дейді ол.

Кәсіпорындарға несие ғана емес, тұрақты тапсырыс керек

Дания Еспаеваның айтуынша, өндірушілерге қаржыландырумен қатар өнімін тұрақты өткізуге мүмкіндік беретін нарық қажет.

Ол мемлекеттік сатып алуда қазақстандық өндірушілерге белгілі бір көлемде тапсырыс беруді резервтеуді, ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасауды және олардың орындалуына құқықтық кепілдік беруді ұсынды.

«Бүгінде өндірістік қуаты бар, кәсібін кеңейтуге дайын кәсіпорындардың өзі кепілді тапсырысқа қол жеткізе алмай отыр. Тапсырыс беруші келісілген шарттарды біржақты өзгертіп, сатып алу көлемін қысқартып немесе жеткізілген өнімнің ақысын төлеуді соза беретін жағдайларға жол беруге болмайды», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, кәсіпорындар өндіріс көлемін арттырмайынша өнімнің өзіндік құнын төмендете алмайды. Ал тұрақты тапсырыс болмаса, өндірісті кеңейту де қиын. Соның салдарынан Қазақстанда өндіруге болатын тауарларға бөлінетін қаражат шетелдік өндірушілерге кетіп жатыр.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі