«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов қамауға алынғанына қарамастан, Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясының президенті қызметінде қала береді. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов журналистердің сұрағына жауап бергенде айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
БАҚ өкілдері министрден федерация басшылығында өзгеріс бола ма деп сұрады. Министр әзірге Жақыповты қызметінен босату мәселесі қарастырылмағанын жеткізді.
«Ол федерация президенті болып қала береді. Тергеу жұмыстары аяқталған соң шешім қабылдаймыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Журналистер сондай-ақ «Самұрық-Қазына» басшысының ұсталуына байланысты қордың спорт клубтарын қаржыландыруына қатысты сауал қойды. Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы қаржыландыру тоқтаған жоқ, жұмыс қалыпты режимде жалғасып жатыр.
Айта кетейік, қараша айында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұсталған. Кейін сот оларды қамауға алу туралы санкция берді.