Ауыл шаруашылығы қай заманда да ел экономикасының күретамыры, ал топырақтың құнары — сол тамырға жан беретін нәрі болғаны хақ. Жер емген аграрийлер үшін өнімділікті арттыру күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе болса, оның басты кепілі — минералды тыңайтқыштар екені айдан анық, деп хабарлайды kznews.kz.
Осы орайда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені азот пен фосфор өндірісінде өзіндік өрнегін қалыптастырғанымен, калий сегментінде ұзақ жылдар бойы «аузы сарыала қаз болып», өзгеге телмірген жайы бар еді. Жер астында тұнған байлықтың үстінде отырып, сырттан келетін импорттың қабағына қарау — бұлақ басында отырып суға зарығумен пара-пар құбылыс болатын.
Сандарды сөйлетсек, ел аумағындағы Сатимола, Шалқар, Жилянское сияқты ірі кен орындарында расталған калий тұзының қоры 6,6 миллиард тоннадан асады. Осындай алып әлеуетке ие бола тұра, ішкі нарықта бұл өнімнің өндірісі нөлге тең болып, жыл сайынғы шамамен 14 мың тонналық сұраныс жүз пайыз сыртқы импорт есебінен жабылып келді. Қазіргі таңда қазақстандық диқандар әр гектар жерге орта есеппен 25–35 келі ғана тыңайтқыш сіңірсе, бұл көрсеткіш әлемдік деңгейдегі 150–160 келілік межеден бірнеше есе кейін қалып отыр. Ал ғылыми негізделген есептерге сүйенсек, ел ішіндегі калийге болған нақты қажеттілік алдағы уақытта жыл сайын 300 мың тоннаға дейін еселеп өсетіні анық. Топырақтың құнары таусылып, арқаны кеңге салуға уақыт таршылық еткен шақта, бұл тығырықтан шығудың жалғыз жолы отандық өндірісті от алдыру еді.
Көптен бері созбалаңға салынған маңызды түйткілдің түйіні тарқап, Батыс Қазақстан облысындағы Сатимола кен орны базасында «Qazaq Kalium LTD» компаниясы ауқымды жобаны қолға алды. Қуаттылығы жылына 1,5 миллион тонна дайын өнім шығаруға есептелген бұл зауыт елдің калий нарығындағы қараңғы күнін тоқтатып, экономикаға жаңа серпін бергелі тұр. 2027 жылы алғашқы кезеңі іске қосылып, кейіннен өндіріс ауқымы сатылай ұлғаятын бұл нысан ішкі нарықтың қажеттілігін толық жауып қана қоймай, ішкі сұраныстан 100 еседен астам артық өнім өндіруге мүмкіндік береді. Мұндай жобаның арқасында 1300-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тамырына қан жүгіретіні сөзсіз.
Ішкі нарықты қанықтырумен қатар, бұл қадам Қазақстанды ғаламдық геосаяси майданда бәсі жоғары экспорттаушы ретінде жаңа белеске көтереді. Себебі әлемдік калий нарығының 70 пайыздан астамы Канада, Ресей және Беларусь сыңды санаулы елдердің уысында болса, сұраныс жыл сайын 2,5 пайызға артып, 70 миллион тоннадан асып жығылады. Азық-түлік қауіпсіздігі жаһандық деңгейде талқыға түскен сындарлы шақта, Қазақстанның осы нарыққа сенімді ойыншы ретінде араласуы Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы экспортын әртараптандыруға да жол ашады.
Түйіндей келгенде, калий өндірісінің жолға қойылуы — жай гана зауыт салып, өнім алу емес, бұл — елдің ауыл шаруашылығын сапалық жаңа деңгейге көтеретін стратегиалық серпіліс. Азот пен фосфордың қасына калий қосшы болып ептелгенде, Қазақстан 2030 жылға қарай минералды тыңайтқыштардың үш негізгі түрінен де сыртқа алақан жаюды сап тыйып, толық өзін-өзі қамтамасыз ететін қуатты аграрлық-индустриялық державаға айналмақ. Жер астындағы көмбе байлықты ел игілігіне жаратып, шикізатты терең өңдеуге көшу — экономиканың тасын өрге домалатып, еліміздің экономикалық тәуелсіздігін айқындайтын шешуші қадам болары анық.