Еңбек заңнамасында белгіленген талап бұзылған жағдайда оған айыппұл салынып, жұмыскерге кешіктірілген әр күн үшін өтемақы төленуге тиіс.
Қазақстанда жұмыс беруші жалақыны уақытында әрі толық төлеуге міндетті. Еңбек заңнамасында белгіленген талап бұзылған жағдайда оған айыппұл салынып, жұмыскерге кешіктірілген әр күн үшін өтемақы төленуге тиіс, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақы айына кемінде бір рет төленуі керек. Төлем келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмеуге тиіс. Жалақы төленетін нақты күн еңбек немесе ұжымдық шартта көрсетіледі. Егер, ол демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, ақша одан бұрын төленуі қажет.
Жалақы уақытында төленбесе, қайда шағымдануға болады?
Егер жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе, жұмыскер алдымен одан төлемнің не себепті кешіктірілгенін анықтап, берешекті өтеуді талап ете алады.
Мәселе шешілмеген жағдайда жұмыскер Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне шағымдануға құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы да жіберуге болады.
Шағымға еңбек шартын, есеп айырысу парақтарын, банк көшірмелерін және жалақы бойынша берешекті растайтын басқа да құжаттарды қоса тіркеуге болады.
Жалақыны кешіктірген жұмыс берушіге қандай шара қолданылады?
Мемлекеттік еңбек инспекторлары шағымды қарау барысында заңнамада белгіленген тәртіппен тексеру жүргізуі мүмкін. Егер жалақы бойынша берешек анықталса, жұмыс берушіге заңбұзушылықты жою және қарызды өтеу туралы міндетті нұсқама беріледі.
Сонымен қатар жұмыс беруші кешіктірілген жалақыны ғана емес, әрбір кешіктірілген күн үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті. Оның мөлшері төлем жасалған күнгі Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген шамасы бойынша есептеледі.
Жалақы төлемегені үшін айыппұл салынады
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабына сәйкес, жалақыны уақытында және толық төлемеген жұмыс берушіге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты белгіленеді. Атап айтқанда:
лауазымды адамдарға – 30 АЕК;
шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК.
Осылайша, жұмыс беруші жалақыны кешіктірген жағдайда берешекті өтеп қана қоймай, жұмыскерге тұрақсыздық айыбын төлеуге және әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс.