Видео авторының мәліметінше, әйелді туған ұлы үйде ұстап, қолы мен аузын бинтпен байлаған.
Алматыда жалаңаяқ көшеге шығып, өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұраған әйелдің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Видео авторының мәліметінше, әйелді туған ұлы үйде ұстап, қолы мен аузын бинтпен байлаған. Әйелдің айтуынша, бұған отбасылық мәселелерге араласқаны себеп болған. Ол ұлының өзіне күш көрсеткенін айтқан.
Оқиғаға куә болған ер адам әйелге су мен аяқ киім беріп, полиция шақырған. Кейін әйелді тәртіп сақшыларына тапсырған.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда аталған жайт бойынша Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиғаның нақты мән-жайы мен әйелдің денсаулығына қатысты ақпарат әзірге жарияланған жоқ. Полиция тергеу нәтижесі бойынша қосымша мәлімет бермек.