Белгілі журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау облысында орын алған трагедияға байланысты жаңа видео жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист жазбасында қара жамылған отбасының ауыр қасіреттен әлі ес жия алмай отырғанын, ал Жангелдин ауылының тұрғындарын үрей билегенін атап өтті.
"Қаралы отбасы мына жауыздықтан естерін жия алмай жатыр. Жангелдин халқы үрейде отыр. Ағайын-туыс қаскөй қылмыскерді тезірек құрықтауды талап етеді. "Марқұмдар сарайдан қалай табылды? Оған дейін тінту жүргізілді ғой" деген сұрақпен мыңдаған адам мазалады. Оқиға басталғалы басы-қасында жүрген, марқұм Мақсот ағамыздың інісі Шалқар біраз сауалдарыма жауап берді. Өте ауыр жағдай. Бірақ қоғамның трагедиясы болғандықтан айтылуы, жазылуы керек. Қазалы отбасының туыстарына қандай жұбату сөз айтарыңды да білмейсің?!" – деп жазды Жанат Молдашова.
Осыдан кейін Жанат Молдашова марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен сұхбаттасқан видеоны жариялады.
"Нәсіп жеңгеміздің ағайын-туыстарының чаттарына жіберген аудиосы бар. Сол аудио хабарламаларының бірін 7 қараша күні жіберген. Күдік тудырмас үшін... Қалай болғанда да, біреу жіберіп тұр... Қазіргі таңда телефонның бәрі Сұлтанда болды деп тұр ғой. Сол Сұлтан жіберіп тұрған шығар деп ойлап тұрмыз", – деді Шалқар Мұқанғалиев.